Нұрәлі Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында ішкі өзгеріс, рухани тазару және саналы өмір сүру туралы жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол қазіргі уақытты адамның өзін кейінге қалдырмай, ішкі жан дүниесіне назар аударатын кезең деп сипаттады. Әлиевтің айтуынша, адам енді бұрынғыдай өмірді автоматты түрде сүре алмайды, себебі әлем де, адамдардың ішкі күйі де өзгеріп жатыр.
Нұрәлі Әлиев бұрын еленбей келген қорқыныш, өкпе, ашу, қызғаныш пен ішкі бейберекет ойлар адамның бойында ізсіз қалмайтынын жазды. Сондықтан ол әр адам өз ойына, ниетіне, жүрегінің тазалығына және ішкі энергиясына мұқият қарауы керек екенін атап өтті.
"Егер ішіңізде өзгеріске деген үнді сезсеңіз, оны елемеңіз. Бұл кездейсоқ емес. Бұл – жаныңыздың өз болмысыңызды еске салуы", – деген ой айтты ол.
Сондай-ақ Әлиев өзгерісті бірден үлкен қадамнан емес, қарапайым әрекеттерден бастауға шақырды. Оның сөзінше, адам өз ойын бақылап, айналасын реттеп, реніштен арылып, қорқынышты күшейтпеуге және өзін дамытуға мән беруі қажет.
"Жаңа әлем сыртта емес, адамның өз ішінен басталады. Ішкі өзгерісті неғұрлым ерте бастасаңыз, қазіргі болып жатқан процестерден соғұрлым жеңіл өтесіз", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Нұрәлі Әлиев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі.