ЭКСЖ жобасы аясында 2,2 трлн теңгелік сұраныс қалыптасады

ЭКСЖ жобасы аясында 2,2 трлн теңгелік сұраныс қалыптасады
gov.kz

Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өндірісті дамыту және отандық өнім үлесін арттыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараға табиғи монополия субъектілері, мемлекеттік органдар, салалық ұйымдар мен қазақстандық өндірушілер қатысты. Кездесу барысында ЭКСЖ ұлттық жобасы тек инфрақұрылымды жаңғырту құралы ғана емес, сонымен қатар отандық өндірісті дамытуға арналған маңызды тетік екені айтылды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков ұлттық жоба аясында қазақстандық кәсіпорындарды қолдау тетіктері қарастырылғанын атап өтті.

«ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру аясында отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қажетті тетіктері қалыптастырылды. Біз қазақстандық бизнес жаңғырту жобаларына белсенді қатысып, локализациялау деңгейін, өнім сапасы мен технологиялық құзыреттерін одан әрі арттырады деп сенеміз», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жобаның негізгі бағыттарының бірі – ел ішіндегі қосылған құнды арттыру және қазақстандық өндірушілерді қолдау.

«Бүгінде Қазақстанда машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, химия және мұнай-газ химиясы салаларында айтарлықтай өндірістік әлеует қалыптасты. Бұл өнімдер сапасы жағынан шетелдік тауарлардан кем түспейді», – деді Олжас Сапарбеков.

Оның мәліметінше, ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 2700-ден астам тауар түріне сұраныс қалыптасады.

Семинар барысында сатып алу тетіктері, офтейк-келісімшарттар, жобаларды цифрлық сүйемелдеу, өндірістік кооперация, стандарттау және тариф қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жаңа өндірістерді локализациялау, өндірістік тапшылық картасын әзірлеу және сапаны бақылау жүйесін жетілдіру бағыттары көтерілді.

Іс-шара аясында қазақстандық өндірушілер өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, ЭКСЖ жобалары бойынша B2B кездесулер өтті. Қатысушылар арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою да жоспарланған.