БҚО-да дәрігер науқастардың жеке дерегін жариялап жіберген

Қаракөз Амантай 20 қаз. 2025 13:01

Батыс Қазақстан облысында аудандық ауруханалардың бірінің дәрігері пациенттердің жеке мәліметтерін әлеуметтік желіге жариялап, медициналық құпияны бұзған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

@halyqstanBOT парақшасына Дарьинск ауылының тұрғыны жолдаған бейнежазбада жергілікті дәрігер Толғанай Сәтбайдың рилстары көрсетілген.

Тұрғынның айтуынша, дәрігер науқастардың жеке дерегін ашық көрсету арқылы дәрігерлік әдепті сақтамаған.

Бейнежазбалардың бірінде Толғанай Сәтбай компьютер экранындағы құжаттарды көрсетеді. Онда науқастардың аты-жөні мен диагнозы жазылған. Видео сипаттамасында бұл адамдар дәрігердің қабылдауында болған дарьинскіліктер екені көрсетілген.

Сонымен қатар тұрғын дәрігердің тағы бір рилсына назар аударған. "Дәрігерлер қалай билейді?" деп аталатын бейнеде нарколог-дәрігер есірткіге тәуелді адамдардың қиын жағдайы жайлы айтылатын жеңіл мазмұндағы ән әуеніне билеп тұр.

Ауыл тұрғынының пікірінше, мұндай видео нашақорлықты насихаттауға ұқсайды.

Оқиғаға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.

"Әлеуметтік желіде жұмыс орнында түсірілген фото немесе видеоларды, әсіресе құжаттар мен науқастардың қатысуымен жариялауға қатаң тыйым салынады! Мұндай әрекеттер медициналық ұйымдардың беделіне кері әсер етуі мүмкін. Қазір бұл жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр, профилактикалық әңгімелер жүргізілуде. Мәселе біздің бақылауымызда", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Жүнісбеков.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар