Бұған дейін баспасөз өкілдерімен тілдескен Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин тілсіз жаудың алдын-алудағы өрт сөндірушілердің жанқиярлық еңбегін ерекше атап өтіп, осы саладағы түйткілді мәселелерге де тоқталған еді.
Министрдің атап өткеніндей биыл қызыл жалынмен арпалысқан өрт сөндірушілердің жедел қимылының нәтижесінде еліміздегі өрттің көрсеткіші былтырғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7-8 пайызға төмендеген.
Әйтсе де, бұл өрттің алдын-алудағы ахуалдың түзелгенін білдірмейді. Ведомства басшысының мәліметінше, өрт сөндіру бекеттерінің елді-мекендерден жырақта орналасуы, құтқарушылардың оқиға орнына жедел жетуіне қолбайлау болып отыр.
Dalanews.kz дерегінше шетелдерде өрт болған аумаққа жету уақыты қалалық жерлерде 8-9 минутты құрайды, ал Қазақстанда бұған шамамен 11-12 минут жұмсалады екен, ал аудан-ауылдарға жетуге 30-40 минут уақыт кетеді.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың оқиға орын алған жерге жедел жету уақытын қысқартуды Төтенше жағдай вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бақылауға алған.
"Елімізде өрт сөндіру қызметінің бекеттерін көбейте түсу қажет. Әзір мемлекеттік бюджет есебінен 20-ға тарта өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүргізілуде", – деген еді бұдан бұрын Күлшімбаев.
Ресми дерекке сүйенсек еліміздегі өрт сөндіру бекеттеріне жылына 40 мыңға тарту қоңырау түседі. Төтенше жағдай министрлігіне қарасты 400-ден аса өрт сөндіру бөлімшесі бар. Дегенмен, оқиға орын алған аймаққа дер уақытында жету үшін бұлардың саны аздық ететін министрлік те мойындап отыр.
Күлшімбаевтің мәліметінше отандық өрт сөндіру қызметіне шамамен 120 өрт сөндіру депосы қажет.
...
Ведомство өз тарапынан өрт сөндірушілерді ұдайы қолдауды жүзеге асырып келеді. Олардың еңбегін ескеріп, құрмет көрсету үрдісі дәстүрге айналған.
Естеріңізде болса, шілде айында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында өрт шығып, мамандар тілсіз жаумен төрт күні бойы алысқан еді. Аумағы 6 мың гектар жерді қамтыған қызыл жалынды өрт сөндірушілер іргедегі елді-мекендерге жеткізбей ауыздақтаған болатын.
Күні кеше министр Ильин осы оқиғаның бел ортасында болған өрт сөндірушілерді марапаттап кеуделеріне төсбелгі тақты. Бірқатарына “Құрмет” грамотасын табыс етті.
“Қарағанды облысындағы 6 бірдей елді-мекенді өрт шарпуы мүмкін еді. Алайда өрт сөндірушілердің жанқиярлық еңбегінің арқасында тілсіз жауды тұзақтадық. Құтқарушылар 6 мың га жуық дала өртін өшірді. Қиын шақта кәсібилік пен қырағылық көрсете білген сіздерге алғыс айтамын", – деді ведомство басшысы.
Айта кетейік жыл басында министр елімізде еріктілерден құралған өрт сөндіру жасақтары пайда болатынын айтқан. Оның пікірінше тілсіз жаудың алдын-алуда өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ғана қарап отыруға болмайды.
Еріктілерден құралған өрт сөндіру жасақтарына ресми мәртебе беру мәселесі қыркүйек айында қаралуы тиіс.