Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жолаушылар тасымалын бақылау бойынша тиімді тетік жоқ назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет басшысының сөзінше, бұл қала ішіндегі және қалааралық бағыттардың бәріне қатысты.
"Өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесі сақталмайды. Өткен аптада ғана Алматы облысында оқушылар мінген автобус апатқа ұшырады. Жексенбіге қараған түннің өзінде жол апаттарының салдарынан Қарағанды облысында 5 адам, Жетісу облысында 10 адам қаза тапты. Соңғы жағдайда апатқа кінәлі адам әлі жүргізуші куәлігін де алмаған болып шықты", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жауапты органдарға тапсырма берді.
"Жол апаттарының деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Ішкі істер министрлігі тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдаймыз. Оларды іске асыруға мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері тартылуға тиіс", - деді премьер-министр.