Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанның айыптауына жауап берді

Көркем Алдабергенова 15 қыр. 2025 15:29

Ресей Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты тағылған айыптарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың желтоқсанындағы Қазақстандағы қайғылы оқиғадан кейін, яғни AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған соң, Бакуде бұл жағдайды саяси мақсатта пайдалануға тырысты. Әзербайжан шенеуніктері мен оларға жақын БАҚ Ресейді қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеуден жалтарды деп айыптады.

Ресей СІМ бұл мәселеге нүкте қойып, нақты деректер мен сандарды жариялады. Атап айтқанда: 2025 жылдың ақпанынан бастап «АльфаСтрахование» сақтандыру компаниясы зардап шеккендер мен олардың туыстарына өтемақы төлей бастаған. Төлемдердің жалпы көлемі 358 миллион рубльден асып кетті. Әзербайжандық отбасылардың басым бөлігіне, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан және Қазақстан азаматтарының туыстарына толық өтемақы төленген.

Сонымен қатар, әзербайжандық әуе компаниясы жоғалған ұшақ үшін өтемақы алды - көлемі бір миллиард рубльден асты. Осылайша, барлық негізгі қаржылық міндеттемелер уақытылы орындалып жатыр, процесс жұмыс тәртібінде жалғасуда.

"Жолаушылардың қазасын ақпараттық шабуылға пайдалану - цинизмге толы әрі қауіпті қадам. Әзербайжан билігі апат болған күннен бері осымен айналысып келеді", деп жазады asia today сарапшылары. 

Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer 190 ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Әуе компаниясының дерегінше, бортта 62 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған, олардың 29-ы аман қалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар