Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Мұқажан Әлішер Қуатұлы Ақпарат комитеті төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің Баспасөз қызметі мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Әлішер Мұқажан 1992 жылы 11 желтоқсанда дүниеге келген. Білімі бойынша заңгер әрі халықаралық экономист. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады. 2016 жылы Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясында құқық магистрі дәрежесін алды. 2019 жылы «Тұран» университетін халықаралық экономика мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 2015–2016 жылдары жеке құрылымдарда бастаған. 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметке келіп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрамындағы Халықаралық мәдениет және дін орталығында аға сарапшы, сондай-ақ министрліктің баспасөз қызметінде жұмыс істеді.
2019–2023 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл департаментінде сарапшы, кейін мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылдың желтоқсанынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет еткен. Енді осы комитеттің төрағасы лауазымына тағайындалды.