Көшіруден топ бастайтын деңгейге жеттік
Жоқ, рас. Кім – кім, дәл Төреғалиді хит әндерді көшіріп алып, қазақтың той мәдениетіне икемдегені үшін еш уақытта кінәламаймыз. Қайта қолдаймыз. Бұл еңбек қой.
Қазір бәрі көшіріп еңбектенеді. Саясатымыз да, мәдениетіміз де, киномыз да – бәрі-бәрі көшірме емес пе? Экономикада мұны көшірме демейді "франшиза" дейді. Бәрі заңды, ешкім дау айтпайды.
Кейде ойлаймыз, бірдеңені көшіруден жарыс болса, әлем бойынша көшірудің хас шеберіне айналған Қытайдың өзін жолда қалдырып кететін деңгейге жеттік-ау.
Бұл енді еркін, алаңсыз көшіруге жол ашқан тәуелсіздіктің арқасы ғой. Тәуелсіздік болмағанда бұлайша еркін көшіре алар ма едік. Ойлаңызшы?
Көшірмеге бола ұялса, Үкімет басындағы шенділер ұялсын, Ресейден, ары кетсе Батыстың бірдеңлерін айна-қатесіз көшіріп алып, жұрттың миын ашытады.
Өркениеттің ұшар басына шыққан Еуропа елдеріндегідей жанар-жағармайдың Еуро 3 стандартын көшіріп алып, еш ойланбастан елімізге енігізіп жібергенін бәріміз білеміз. Ал біздегі сүйегін сүйретіп жүрген ескі көліктер соған лайық па? Подвескасы баяғыда кеткен 90 жылғы "Маздалар" мен "Галанттар" Еуро 3 стандартымен мүлде сәйкеспейтінін бес жасар балада біледі. Міне, мұны нағыз сорақы көшірме деп айтуға болады. Ал оның жанында Төрештің "көшірмелері" әкем-ау, таза қазақы дүниеге айналып кеткен ән емес пе?
Соңғы Мәжіліс депутаттарын сайлау көзінде Қайрат Нұртасты емес, Төрешті үміткер ретінде қосу керек еді. Кез келген дүниені қазақы өлшемге сай ыңғайлап, көшіре қоятын жас әншінің әбжіл әрекеті біздің заң шығарушы органдарға аса қажет-ақ еді.
Плагиат емес, бұл – форма
Өткен жолы бір ғалым досымыз бір гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институтын басқаратын ағамыздың бірнеше академик ағаларының зерттеу еңбектерін алашаға шоқ тигендей қылып, ойып-ойып көшіріп алып, ғылыми-зерттеу (ғылыми-көшіру десе болар) жұмысын жарыққа шығарғанын айтқан еді.
Жылда бір ғылыми-зерттеу еңбегін шығаратын (неткен еңбекқор жан десеңізші) сол ағамызға соңынан ерген інілерінің бірі жиналыста батылы барып "Аға, мына бір ғылыми-зерттеу еңбегіңіздің 10 беттен 45 бетке дейін, Пәленше деген академик ағамыздың ғылыми-зерттеу еңбегінің тұтас тарауын көшіріп алыпсыз. Мына бір жеріне аны бір профессордың еңбегінің "белен" деген бөлімін еніп кетіпті?" деп сыйпай қамшылап айтқан ғой.
Содан не керек, жиналыста отырған жұрттың бәрі ғылымға Парламенттен келіп қосылған ағаларына "недей жауап қайтарады екен?" деп аңтарыла қараған ғой. Жоғары жақта бұдан да асқан төтенше, қаны тамып тұрған сұрақтарға табан астында жауап қайтарып әккі болған ағамыз түк саспапты.
- Рас, бұл сол академик ағаларымыздың еңбегінен сілтеме жасалынып жазылған дүние ғой. Бұл өзі ғылыми-зерттеу жұмысын жазудың сондай бір заманауи формасы... ғой. Мұны плагиатпен шатастырмаңыздар, – депті.
Иә, Төрештің де дүниелерін көшірме деп мұрындарыңызды шүйіре бермеңіздер. Керек десеңіз қазіргі заманда көшірудің өзі батылдық.
Бұған дейін мүйізі қарағайдай ғалым ағаларымыз бір-бірінің жұмысын қайдан көшіргенін айдай әлемге әшкерелеп, дауласпады ма? Бірақ бұдан олардың атақ-абыройына дақ түсті деп айта алмаймыз. Қайта бұрынғыдан бетер танымал, бұрынғыдан бетер қошеметке бөлене түскенін көзіміз көрді. Мына іргедегі қырғыздардың әнін жиі көшіре беруші едік. Қазір олар Құдайдың салған мұндай ісіне мойын ұсынып, енді бізден көшіріп, есе қайтаруға көшіпті. Одан жаман болған қырғыздың әншісін көрген жоқпыз.
Егер көшіруге пышақ кесті тыйым салсақ не болады? Оны елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан бір-бірімізден көшіре берейік. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ...
Нұрлан ЖҰМАХАН