Қазақстанда инклюзияны дамытудың нақты қадамдарының бірі ретінде теміржол көлігіне қатысты бірқатар жаңалықтар бар. Енді І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарды ертіп жүретін тұлғалар және ерекше қажеттіліктері бар балалардың серіктері теміржол билеттерін 50 пайыз жеңілдікпен ала алады. Бұл жаңалықтар ҚР Көлік министрлігінің бастамасымен Жолаушыларды тасымалдау ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасында көрініс тапқан.
Бұрын мүмкіндігі шектеулі жолаушылар мен олардың еріп жүрушілері сапарға шығар алдында медициналық мекемелерден анықтама жинап, құжаттарын көрсетуге мәжбүр болатын. Енді бұл талаптың жойылуы азаматтарға едәуір жеңілдік әкеледі. Ережелердің 44-тармағынан медициналық анықтамаларды ұсыну нормасы алынып тасталып, жолаушы туралы мәліметтер автоматты түрде мемлекеттік дерекқор арқылы тексеріледі.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, бұл өзгерістерді әзірлеуге теміржол және су көлігі комитетінің мамандары тікелей қатысқан. Қазір жоба бекіту кезеңінде тұр. Құжаттар мақұлданған жағдайда жаңа ережелер 2025 жылдың екінші жартысынан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
«Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша ғана 50 пайыз жеңілдікпен жол жүруге құқылы. Алайда бұл жеңілдік тек олардың өздеріне арналған еді. Жаңа бастама бұл шеңберді кеңейтіп, олардың серіктерін де қамтиды. Бұл қадам мүмкіндігі шектеулі адамдардың өз бетімен қозғалуын жеңілдетіп қана қоймай, олардың еркін, қауіпсіз және лайықты сапар шегуіне жағдай жасайды», - деп мәлімдеді Көлік министрлігінен.
Сонымен бірге, Қазақстанда арнайы жабдықталған жолаушылар вагондарының паркі де жаңартылып жатыр. Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында «ЗИКСТО» отандық зауытынан 157 жолаушылар вагоны сатып алынады. Оның ішінде 14 вагон мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Қазірдің өзінде төрт жаңа вагон пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін тағы он вагон іске қосылады.
Тағы бір ауқымды жоспар – 2025 пен 2030 жылдар аралығында «Штадлер – Қазақстан» зауытынан елімізге 557 жаңа вагон жеткізу. Бұл вагондардың 35-і арнайы купелермен жабдықталып, ерекше қажеттіліктері бар жолаушылардың сұранысына толықтай сай болады.
Жаңартулар тек вагондармен шектелмейді. Теміржол вокзалдары да толық бейімделу үстінде. Жоба аясында биыл бірқатар вокзалдарда пандустар орнатылады, перрондарға арнайы көтергіш құрылғылар қойылады және тактильді бағыттаушы жолақтар салынады. Бұл жұмыстардың барлығы — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың вокзал аумағында еркін қозғалуы үшін атқарылуда.
Бұл бастамалар – еліміздегі инклюзия бағытындағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тек құқықтық емес, инфрақұрылымдық және логистикалық қолжетімділікті де қамтамасыз ету – нағыз өркениетті қоғамның белгісі. Қазақстан бұл бағытта айқын ілгерілеу жасап келеді.
Мұндай жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық шешімдер азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына, білім алып, жұмыс істеуіне, сапар шегіп, мәдени шараларға қатысуына мүмкіндік береді. Ең бастысы — оларды толыққанды азамат ретінде тануға ықпал етеді.