Талдықорғанда қаланың ескі бөлігін дамытуға көңіл бөлінбек

Dalanews 22 жел. 2021 12:46 780

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорғанды аралау барысында қаланың сәулеттік келбетінің ерекшеліктері мен қала құрылысын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл ретте шаһардың бірыңғай стильдік шешімдері Жетісу тарихымен үйлестірілетін болады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаланы аралау «Талдықорған» индустриалды аймағынан басталды. Өнеркәсіп аймағын дамыту туралы Алматы облысының индустриалды аймақтарды басқару компаниясының директоры Асхат Тоқсабаның айтуынша, қазіргі кезде индустриалды аймақтың бас жоспарын және егжей-тегжейлі жоспарын дайындау күн тәртібінде тұр. Пайдаланылмай жатқан жер учаскелеріне қатысты мәселелерді де шешу керек. Қанат Бозымбаев алдымен учаскелердің иелерімен кездесіп, оларға қаланың басқа бөлігінен маңызы бірдей баламалы жер учаскесін ұсынуды тапсырды. Және бас жоспар мен ЕТЖ құжаттарын қатар дайындап, содан кейін осында орналастыру жоспарланған кәсіпорындарға қатысты ұсыныс енгізу керектігін айтты.

Қазір индустриалды аймақта 9 жоба іске асырылуда. Соның бірі - майлы дақылдар тұқымын өңдейтін «МажиКо» ЖШС-ның агроөнеркәсіптік кешені. Кәсіпорын рапс тұқымын қабылдау, тазалау, кептіру мен тәулігіне 500 тонна рапс өңдеуге немесе тәулігіне 400 тонна күнбағыс өңдеуге арналған.

Зауыт цехтарын аралап, өндіріс технологиясымен танысқан облыс әкімі өзекті мәселелері жайлы сұрады. Мәселен, кәсіпорынды толық жүктемесіне шығару үшін электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету керек. Ол үшін индустриалды аймақтағы электр желілерін және қосалқы стансыны іске қосу қажет. Облыс басшысы бұл мәселені назарға алуды тапсырды. Сол сияқты Қанат Алдабергенұлы темір жол бөлшектерінің жиі ұрлануына байланысты индустриалды аймақтан шығатын 4 жолға да бейнебақылау орнатылған пост қою керектігін айтты. Ал уақытша шара ретінде осы аумақты жергілікті полиция күшімен бақылауды жалғастыру керек. Кәсіпорын қызметкерлеріне қолайлы болу үшін қоғамдық көлік маршруттарын ұзартып, соған сәйкес индустриалды аймақ тұсынан аялдама орнату да ұсынылды.

Облыс басшысы «Көктал» шағын ауданын газдандыру мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бұған дейін осы шағын аудан тұрғындары осы мәселеге қатысты шағым білдірген еді. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтың айтуынша, бұл шағын ауданда 1500 абонент тұрады, соның ішінде 700 үйге газ жүйесі тартылған. Қазіргі кезде нысанды «ҚазТрансГаз» АҚ балансына өткізу, іске қосып тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Құбырға газ қаңтар айының басында жіберіледі. Қанат Бозымбаев бұл мәселе ерекше бақылауда болатынын айтты.

Макаренко атындағы мектепке бастауыш сынып блогын салу қажет. Қазіргі қолданыстағы бастауыш мектеп негізгі ғимараттан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл өз кезегінде оқушылар мен мұғалімдерге, ата-аналарға қолайсыздық туғызып отыр. Сондықтан кемінде 600 орындық типтік үлгідегі бастауыш мектеп салу ұсынылды. Бұл бастауыш мектеп мәселесін шешіп қана қоймай, қаланың басқа да мектептерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Сол сияқты мектептің негізгі корпусына күрделі жөндеу жүргізу қажет. Қанат Бозымбаев мамыр айынан мектеп құрылысын бастап, жаңа оқу жылына дейін аяқтау үшін  қыста барлық қажетті құжаттарын дайындау керектігін тапсырды.



Сол сияқты Қанат Бозымбаев «Травматология және нейроинсульт» бағыты бойынша Жағдаяттық орталық ашқан облыстық ауруханаға да барды. Оның жұмыс тиімділігін арттыру үшін заманауи МРТ 3 Тесла аппаратын сатып алу керек. Бұл пациент денсаулығын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы МРТ-ны аудандық емханалардың біріне орнату ұсынылды. Аурухананың аумағындағы жер учаскесіне емхана салу қажет. Облыстық аурухананы күрделі жөндеу де жоспарда бар. Қ.Бозымбаевтың айтуынша, күрделі жөндеу мен МРТ орнатуды бір жобаның ішінде қарастыру керек. Бұл ретте облыс басшысы аурухана ғимараты 1974 жылы салынғанымен, жағдайы қанағаттанарлық деңгейден әлдеқайда жоғары екенін жеткізді. Сондықтан күрделі жөндеуді бастамас бұрын бәрін тағы бір кеңінен ойластырып барып соңғы шешімді қабылдау керек.

Мұнан соң Талдықорғандағы Кивилев атындағы көшеде орналасқан апатты үйлерді жойып, тұрғындарын көшіру мәселесінің жай-күйімен танысты. Бұл қамысты-каркас үйлердің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Бұлдыбаевтың айтуынша, Талдықорғанда жалпы апатты 20 үй бар, соның ішінде Кивилев көшесіндегі 4 үйде - 32 пәтер. Бұл үй иелеріне түгелге дерлік қолданыстағы үйлерден пәтерлер сатып алынған. Тұрғындар оған Жаңа жылдан кейін көшірілетін болады. Бұл үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстарының нәтижесі қаңтар айының басында облыс басшысына хабарланатын болады.

Рақышев көшесіндегі көмір тұйығына да атбасын тіреп, мұндағы қатты отын жеткізу, тиеп-жөнелту жұмыстарының барысын қарады. Қаланың негізгі тұйығына қазір күніне 4 вагон көмір Қаражырадан жеткізіліп отыр. Көмір жеткілікті, дүрлігу жоқ. Жүк көліктері кезегімен келіп, көмір тиеп әкетуде.

Осы күні Көрме кешенінде Қанат Бозымбаевқа Талдықорғанның даму жоспары баяндалды. Қаланың Бас жоспары, қала аумағының жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары, Талдықорғанға кіреберіс аумақты абаттандыру және басқа да маңызды ақпараттар таныстырылды.

- Талдықорған жас қала болғанымен, оның өз тарихы бар. Сондықтан сәулетшілер, дизайнерлер және тарихшылар өзара бірлесе отырып, Жетісудың тарихымен үйлесетін сәулеттік келбетін қалыптастыруды ойластыру керек. Көрген адам қаланың бет-бейнесі бірден танитындай болуы керек. Абаттандыру кезінде жылы түстерді көбірек пайдаланған жөн. Дизайн-код дайындалсын. Көгалдандыру барысында бір жылдық өсімдіктерді отырғызуды тоқтатып, көпжылдық өсімдіктерге көшу керек. Оларды дер кезінде суғару мен баптау жұмыстары арнайы мекемеге бекітіліп берілуі тиіс. Қаланың жасыл желекті сипатын сақтауымыз керек. Шағын сәулеттік формалар, орындықтар, көше шамдары – жалпы абаттандыруға керектің бәрін мүмкіндігінше жергілікті жерде шығаратындардан алыңыздар. Жаңа шағын аудандар дамып келеді. Енді қаланың ескі бөлігімен айналысу керек. Тығыз орналастыру мақсатында ең алдымен негізгі көшелердегі көне үйлердің кемінде бір-екі қатарының орнын сатып алып, оған түгелдей заманауи көп қабатты тұрғын үйлер салу керек. Сонда, біріншіден, қаланың сәулеттік келбетін жақсартамыз, екіншіден, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалады. Қажет болса, қала кеңістігін қалыптастыру жөніндегі арнайы мамандарды шақырайық, - деді Қанат Бозымбаев.

Презентация барысында қаланың жаңа тұрғын үй массивтерін газдандыру, саяжай қауымдастықтарын инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй құрылысы мәселелеріне қатысты да тақырыптар талқыланды. Сол сияқты «Ақылды қала» жобасы таныстырылды. «Saiman» компаниясының өкілі көшені жарықтандырудың автоматтандырылған жүйесінің мүмкіндіктері мен ғимараттардың құрылымдық жарықтандыру нұсқаларын көрсетті. Облыс әкімі келесі жылы бірнеше компанияны, соның ішінде «Saiman» компаниясын да тарта отырып, қаланың іргелі ғимараттарын сыртқы жарықтандырудың бірнеше жобаларын әзірлеуді тапсырды. «Соның ішінен ең үздігін және бағасы қолжетімдісін таңдап аламыз. Мұндай мәселеде бәсекелестіктің маңызы зор», - деді Қанат Бозымбаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар