Айта кетейік 2023 жылдың шілде айының 27-і күні сағат 04:45-те «Қазмырыш» ЖШС Риддер тау-кен байыту комбинатының қалдық шаруашылығындағы қойыртпақ (пульпа) өткізгіштің жарылуы нәтижесінде жергілікті жер бедеріне 1350 м³ шлам төгілген, одан сұйық қалдықтар жердің табиғи еңісі бойынша Филиповка өзені мен Тихая өзеніне төгілумен одан әрі Үлбі өзеніне ағып кеткендіктен ол жер үсті суларының сапасын едәуір нашарлатқан және табиғи аймаққа зиян келтірген болатын.
Ластанған жерлердің жалпы ауданы 1800 м² құрады, қойыртпақтың (пульпаның) төгілуі Филиповка мен Тихая өзендерінің 10 шақырым ұзақтығына дейін ластануына әкелді.
ШҚО Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиевтің айтуынша экология департаментінің қызметкерлері Зайсан-Ертіс облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының және «Балық шаруашылығы» ЖШС Алтай филиалының өкілдерімен бірлесіп оқиға орнына барып химиялық талдау жүргізіп, зоопланктон мен макрозообентостың биологиялық жай-күйін анықтау мақсатында Филипповка өзенінен су сынамаларын алыпты.
– Экология департаментінің зертханалық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес, оқиға болған күні Филиповка өзеніндегі бақылау нүктесінде (пульпаның төгілуінен 500 метр төмен) нитраттар бойынша концентрацияның 140 есе, өлшенген заттар бойынша 50 есе және марганец бойынша 5 есе артқаны анықталды.
Жиналған сұйық қойыртпақ (пульпа) № 5 қойыртпақ сорғы станциясының апаттық тоғанына уақытша орналастырылып, ол жерден Таловск қалдық қоймасына автокөлікпен тасымалданатын болады.
Осыған байланысты, ремедиация бағдарламасына сәйкес табиғи ортаны базалық күйге келтіру үшін Филиповка өзенінің түбін қойыртпақтың лайлы тұнбасынан тазартып, Филиповка, Тихая және Үлбі өзендерінің арналары бойындағы зоопланктон мен макрозообентосты зерттеу қажет, – деді брифинг барысында ШҚО экология департаментінің басшысы.
Ал қоршаған ортаға залал келтіргені үшін ҚР Экологиялық кодексінің 138-бабының 6-тармағына сәйкес «Қазмырыш» ЖШС бірнеше міндеттер жүкетелді.
– «Қазмырыш» ЖШС ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін 1400 дана көлемінде тұқы тұқымдасының шабақ балықтарын Шүлбі су қоймасының акваториясын балықтандыру жолымен өтемдік ремедиация жүргізуге міндеттенеді. ШҚО бойынша экология департаменті жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жалпы сомасы 49,6 млн теңгеге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Риддер полиция бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 328-бабының 1, 2-бөлігінде, 332-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша өтініш жолданды.Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған жағдайда, «Казмырыш» ЖШС-ға қатысты жерді бүлдіру фактісі бойынша ҚР ӘҚтК 337-бабының 4-бөлігімен 6,9 млн.теңге сомаға айыппұл салынады, – деді Данияр Әлиев.
Сондай-ақ, брифинг соңында ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев қабылданған шешімдердің және ремедиация бағдарламасын орындау, оның ішінде өзендерді тазарту және тексеру, химиялық құрамын бақылау, Шүлбі су қоймасын балықтандыру бойынша қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.