Бірақ вице-премьер "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнына өзге инвесторды тарту жұмыстары жүріп жатқанын растады. Бірақ нақты инвесторлардың атын атамады.
– Бұл кәсіпорында (АМТ) болып жатқан қайғылы оқиғалар әрине, бізді алаңдатып отыр. Сондықтан өндіріске тиісті қаражат салып, тиімді жұмыс істей алатын өзге инвесторларды тарту жұмыстары жүріп жатыр. Еңбек қауіпсіздігіне қатты көңіл бөлеміз, – деді Ақордада журналистердің сұрақтарына жауап берген Роман Скляр.
Жуырда 17 тамызда Қарағанды облысы Шахтинскідегі "АрселорМиттал Теміртауға" тиесілі "Қазақстан" шахтасында өрт шығып, 5 адам қаза болған еді. Апаттан кейін Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртауды" өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамады деп айыптады.
Бұған дейін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "АрселорМиттал Теміртаудың" елден кетуі бойынша саяси шешім қабылданып қойғанын айтқан.