Суғару маусымы сәтті өтті

Жарбол Кентұлы 20 қыр. 2024 11:12 4461

Қыркүйек айының ортасында елімізде егінді суғару маусымы аяқталады. Биыл құрғақшылыққа қатысты болжамдарға қарамастан, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі төтенше жағдайлардың, суғару суының тапшылығының алдын алуға, өткен жылдың тәжірибесінен сабақ алуға және аграршыларды үздіксіз суғару сумен қамтамасыз етуге қол жеткізген.

Суғару маусымы барысында аграршыларға шамамен 11 миллиард текше метр суды пайдаланған. Министрлікке қарасты «Қазсушар» ұйымының филиалдары шаруа қожалықтарымен суғару суын жеткізу бойынша шамамен 25 мың келісімшарт жасасқаны мәлім болды.

Ең көп су алған өңірлер – Қызылорда облысы (шамамен 3,5 миллиард текше метр), Түркістан облысы (шамамен 3,2 миллиард текше метр), Жетісу облысы (1,2 миллиард текше метрден астам), және Жамбыл облысы (1 миллиард текше метр) құрап отыр.

– Елімізде суғару кезеңінде жоспарланған жұмыстар негізінен үш бағыт бойынша жүрді. Біріншісі кеңзеңде – су қоймаларын толтыру. Көп жылдар бойы, тіпті кейде тарихта алғаш рет, су тасқыны кезінде су қоймалары 100% толтырылды.

Екіншісі – «су дипломатиясы», яғни еліміздің географиялық орналасуына байланысты әсіресе оңтүстік өңірлер үшін маңызды көрші елдермен келіссөздер мен мәмілелер жасау. Үшіншісі – гидротехникалық құрылғыларды дайындау: жөндеу жұмыстары, қайта құру, арналарды тазалау, ирригациялық желілерді дайындау және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер, – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

Бірінші бағыт бойынша су тасқыны кезінде елдегі су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 миллиард текше метрден астамы – тасқын суы. Бүгінгі таңда Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлеріндегі су қоймалары 80%-ға толтырылған.

Маусым кезінде министрлік қызметкерлері 100-ден астам гидропостты жөндеп, қайта қалпына келтірген. Сонымен қатар 700 шақырымнан астам каналдарды тазартты, 1000-нан астам гидротехникалық құрылғыларға аттестация жүргізіпті. Сонымен қатар 11 өңірде 98 гидротехникалық құрылғы жөнделді.

Ал «Су дипломатиясы» бағыты бойынша көрші елдермен бірлескен жұмыстың арқасында министрлік Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қажетті көлемдегі сумен қамтамасыз етті. Биыл суғару маусымында көрші елдерден келген су көлемі бастапқы болжамдардан асып түсті.

– Біз Арал теңізіне жіберілетін су көлемін ұлғайттық. Биыл Солтүстік Аралға шамамен 2 миллиард текше метр су бағытталды, ал теңіздегі су көлемі 22 миллиард текше метрге жетті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдағы су көлемі азайып келе жатқанымен, 2024 жылдың басынан бастап ол қайтадан өсе бастады. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысатын Орталық Азияның Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының алдағы отырысында Нарын-Сырдария каскадындағы су қоймаларының жұмыс кестесі мен келесі жылдың суғару маусымына арналған болжамды су жеткізу көлемдері бекітілетін болады, – деп хабарлады ведомство өкілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар