Жалпы, өңірде 77,4 млрд. теңгеге 817 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген. Бұл ретте жұмыссыз жүрген жастар мен студенттерге басымдық берілуде. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқарма басшысының орынбасары Досхан Қайырғазиновтың айтуынша, аймақтағы әрбір қала мен аудандарда аталмыш бағдарлама аясында мыңдаған жас жұмысқа орналасып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізді.
– Ағымдағы құрылыс-жөндеу жұмыстарына, инфрақұрылымдық нысандарға тартылған жастар тұрақты жалақыға жол жеткізді. Олардың ішінде бұған дейін мүлде ресми түрде жалақы алмағандары да бар. Бұл бағдарламаның тиімділігі де осы. Жұмыссыз жастарымыз жұмыспен қамтылып, шеттен жұмысқа тарту фактілері төмендейтін болады, - дейді басқарма өкілі.
Осындай жастың бірі Рашид Дюсюпов, ауылдан облыс орталығына келіп, бағдарлама аясында балабақшаның жөндеу жұмысына орналастырылды. – Мен ауылда неше жылдан бері жұмыссыз жүрдім. Ауылдағы шаруа қожалықтарында азын-аулақ жұмыс істеп, табыс тауып жүргем. Ал қазір «Дарстрой» фирмасына жұмысқа орналасып, өз мамандығым бойынша еңбек етудемін, - дейді.
Облыста сұранысқа ие құрылысшылар мен осы салаға қатысы бар мамандар және электрлер, жол жөндеушілер жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылуда. Қала және аудандардағы жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, бірыңғай мемлекеттік enbek.kz порталында еңбекке орналасқандарды тіркеуде. Ол нақты сандар көрсеткішіне мүмкіндік береді. Яғни қанша адам жұмысқа орналасып, қай аудандарда басымдық барын көруге болады дейді мамандар.
Аймақта жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша 9 мыңға жуық адам жұмыс орнымен қамтылды, оның үштен бірі жастар. Жыл соңына дейін тағы қосымша екі мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспары бар.