«Өңіріміздегі үздік төрт дәрігер – Бекжан Буланов, Нұргүл Баркибаева, Фарида Тұсынбаева, Мұхамедхан Мұсабеков коронавирус инфекциясымен күресте майданның алдыңғы шебінде жүрді.
Олардың әрқайсысы науқастарға көмектесуге ұмтылып, өз өміріне төнген қатерден қорықпады. Үй бетін бермей жұмыс істейді. Қиындыққа көнді. Шаршап-шалдықса да шыдап бақты. Өзінің бар қажыр-қайратын адам өмірін аман алып қалуға жұмсады.
Біз, ШҚО өңірінің тұрғындары дәрігерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Олардың есімі ел есінде», – деді Даниал Ахметов.
II дәрежелі «Барыс» ордені Семей медициналық университетіне қарасты университеттік аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, ангиохирург Бұланов Бекжан Серікбосынұлына берілді.
Бекжан Серікбосынұлы Буланов жоғары санатты кардиохирург, ангиохирург Орталық Азия мен Қазақстанның жүрек-қан тамырлары хирургтары ассоциациясының, Ресейлік тамырлы хирургтар қоғамының, Қазақстанның кардиоторакальдық хирургтар қоғамының және Еуропалық кардиохирургтар қауымдастығының мүшесі болды. Жүрек-қан тамырлары жүйесінде медициналық хирургиялық процедураларды орындаудың практикалық дағдыларын жетік меңгерген, артериялық жүйе мен жүрекке күрделі операциялар жасаған тәжірибесі мол дәрігер болған. Оның медициналық зерттеу нәтижелері 30-дан астам авторлық ғылыми жұмыстарға ұсынылып, жарық көрді.
«Құрмет» ордені гастроэнтерология саласындағы жетекші маман, Семей қаласындағы Мемлекеттік медициналық университетінің университеттік ауруханасының гастроэнтерология бөлімінің жоғары санатты дәрігері – Баркибаева Нұргүл Рамазанқызына берілді.
Үнемі ғылыми ізденіс жүрген білікті дәрігер ішкі ағзалар патологиясын терең зерделеп, өз еңбектерін денсаулық сақтау ісінде енгізе білді. Назгүл Баркибаева 150-ден астам ғылыми мақалалардың, бес рационализаторлық ұсыныстардың, инновациялық патенттердің, үш әдістемелік еңбектің авторы.
«Құрмет» орденімен Семей қаласының №4 емханасының эндокринологы Фарида Қайсенқызы Тусунбаеваның туыстары марапатталды. Әріптестерінің айтуынша, Фарида Қайсенқызы жоғары білікті маман, жауапкершілігі мол, еңбекқор және әрдайым клиниканың қоғамдық өміріне белсенді қатысқан кәсіби дәрігер болатын. 2015 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өз жұмысын жалғастырып келді. Коронавирустық пандемия кезінде өзінің артериялық гипертензия сырқатына қарамастан, ол қант диабеті, эндокринді патологиясы және инсулинге тәуелді науқастарды қабылдап, көмек көрсетті.
«Құрмет» орденімен Көкпекті аудандық ауруханасының офтальмологы Мұхамедхан Алтынқанұлы Мұсабеков марапатталды. Еңбек жолын Бесқарағай аудандық ауруханасында офтальмолог қызметінен бастап, емханада, «Барлык Арасан» санаториясында, Көкпекті ауданының орталық аудандық ауруханасында офтальмолог болып жұмыс істеді. 2013 жылы зейнетке шыққанмен, офтальмолог ретінде жұмысын жалғастыра берді. Әріптестері дәрігерді сауатты кәсіби маман ретінде сипаттайды.