Шоқан Уәлихановтың қырғыздар туралы тарихи-географиялық зерттеулері

Dalanews 26 қаң. 2018 06:21 10372

 

 

Шоқан Уәлиханов – тек Қазақ жерінің ғана емес, Орталық Азия халықтарының тарихын, этнографиясын, этникалық шығу тегін, географиясын, фольклорын жан-жақты зерттеуге ерекше маңыз берген және осы жолда білімі мен қажыр қайратын сарқа жұмсаған ғалым.

Бұл тұрғыда ол: «...Орталық Азия қыраты өзінің әлемдік жанартауларымен, құпия халқымен географияның мүмкіндігі мол бола тұра күні бүгінге дейін аяқ аттап бара алар жер емес. Ішкі Африка мен Австралия саяхаттары, ұлы жаңалықтар жайлы жыл сайын хабарлар оқып таңданамыз, бірақ Ішкі Азияға өту талабының болмай келгеніне қынжыламыз да. Сонда адамзат бесігі Азия Африкаға қарағанда шынымен-ақ маңызсыз болғаны ма? Тіпті Амудария мен Сырдарияны бойлау — құм суырған, аң ұлыған Африкаға барудан қиын болғаны ма?...» деп, қынжылысын жасырмайды [1].

Әлем ғалымдары мойындағандай, Ш. Уалиханов - қырғыз халқының тарихын кәсіби зерттеуші. Ғалымның қырғызтануға қосқан үлесі біз ойлағаннан да көп. Оның зерттеулерінің бағыты – қырғыздардың этникалық тарихы, тарихи географиясы, этнографиясы, ауыз әдебиеті. Ол тек «Манас» жырын зерттеп, қағазға түсіріп, ғылым әлеміне таныстырса да әлем тарихында қалушы еді. Бірақ ол – энциклопедист тұлға.

Шоқанның қырғыз тарихы туралы ғылыми тұжырымдары мен көзқарасы бүгінгі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.

Зерттеушінің «Қырғыздар туралы жазбалар» атты ғылыми еңбегі -қырғыз жерінің тарихи географиясына арналған терең зерттеу. Оның деректері жай ғана тарихи географиялық шолу ретінде берілген мәліметтер емес, жан-жақты талданған, жазба дерек көздеріне сүйеніп, салыстырып жасалған ғылыми тұрғыдағы  құнды жазбалар.

 

Қырғыздардың қонысы туралы

 

Ш. Уәлихановтың қырғыз жері туралы жасаған тарихи географиялық сипаттамалары ерекше назар аудартады. Мәселен, қырғыз тайпаларының орналасуы турасында: «Қырғыз тайпасы Орта Азияның орасан көп жерін алып, Оңтүстікке қарай созыла мекендейді. Алатау қырғыздарының ұрпақтары Ыстықкөлден Ғиссар мен Бадахшанға дейін, Созақтан Ақсу мен Үш Тұрфанға дейін бытырай қоныс тепкен. Болор тауының қойнауларымен сол таудың Қытай мен Қоқан, Қаратегін, Ғиссар мен Бадахшан жерлеріндегі тарамдарында...» мекендейді деп, олардың жер кеңістігі мен шекарасы туралы мәліметтер береді [1. 204].

Одан әрі олардың қоныстарының ерекшелігіне сипаттама жасаған: «... қырғыздар тау жоталарын бойлай қоныс тебеді, сондықтан қырғыз ұрпақтарының басым көпшілігінің шоғырланып жиналған жері Сыр мен Аму дарияларының бас жағындағы көгалды таулы өңір мен Алай жотасының арасындағы тау торабы. Сол жерден бастап олар Тянь-Шань мен Алатау жүйелерін бойлап, солтүстікке қарай қоныстанады да Мустаг пен Белурдаг шыңдарының үстін баса, оңтүстікке қарай тереңдей кіріп, көлденең жатқан Гиндикуш жүйелеріне жете мекендейді» [1. 204].

Қазақтар қырғыздардың мекенін негізінен Ыстықкөл мен соның айналасындағы тау-жоталарымен байланыстырып, елестететінін атап көрсетеді. Алайда олардың мекендейтін кеңістігі әлдеқайда кең екендігінен хабардар етеді.

Шынында да олардың көпшілігі дерлік Әндіжан төңірегін және оның солтүстігіндегі Шу өзені бойы, батысында Шыршық, шығысында қытайдың Ақсу, Уча және Қашқар, оңтүстігінде Бадахшан араларын мекендейді деп, олардың мекен ететін аумақтарын нақтылай түседі. Сонымен бірге, Шоқан қырғыз руларының да көші-қон аймақтары мен бағыттарын  айқындап береді: «Кіші Бұхара маңы мен Қашқар, Ақсу мен Тұрфан аралығында шоңбағыш (Ақсу), черик (Үш) және найман (Қашқар) рулары мекендейді. Сарыкөлде (Памир) наймандар мен қыпшақтар тұрады. Алайда бұл өлкелер Қоқанға тиісті, дұрысырағы соған қарасты, ал Шығыс Түркістан Қытайға қарасты болғандықтан бір-біріне тәуелсіз үш рудың мекен-жайы Ыстықкөлді Алатау қырғыздарының жері деп атаса әбден орынды болар еді... Талас, Шу бойында көшіп жүрген саяқтар мен солтылар көп заманнан бері қоқандықтармен аралас-құралас болып кеткен» дейді [1. 205]

«Ыстықкөл маңын бұғы руы және сарыбағыш пен саяқ руларының біраз бөлігі қыстайды, басқалары бағзы заманнан: солтылар Шуды, бағыштар Тұрфан мен Қашқар жолын, чериктер мен саяқтар Атбасы маңын қыстайды. Сол қанат бөлігі Нарын мен Шыршық өзенін бойлай оңтүстігіндегі Бадахшанға дейінгі аралықты мекендейді. Бұғы руы жаз жайлауға Қарқара тауы мен Қытайға дейін, Іле тауының шыңдары мен Текес өзеніне дейін барады» деп жазады [1. 205-206].

Шоқанның қырғыздардың рулық құрылымы, олардың көші-қон жүйесі мен өзара қарым-қатынастары жайында ой-пікірлері олардың этникалық тарихын зерттеуде де кеңінен қолданылып отыр.

 

Саяси тарихы туралы

 

Шоқанның назарынан қырғыздардың саяси жүйесі де тыс қалмаған.

«Бір-бірінен оқшаулана көшіп-қонып жүрген қырғыздарда ешқандай саяси бірлік жоқ әрі жер шалғайлығының салдарынан тіпті ру қарым-қатынастарының өзі де күшін жойған» деп, оның себебін табиғи-географиялық факторлармен байланыстырады [1. 204].

Қырғыздардың аңыз деректеріне талдау жасай келе, олардың саяси тарихына қатысты: «Алатау ордасында сонау ерте заманның өзінен-ақ ханы да, сұлтаны да, бегі де болған емес, елді өздерінің ру басылары патриархалдық жолмен басқарып келген» деп жазған [1. 220]

Ал сол тарихи кезеңде қырғыздардың санын айқындау мақсатында жасаған әрекеті туралы: «Мекен етіп отырған жерлерінің шалғайлығының салдарынан бүкіл қырғыз тайпасының халық санын анықтау тіпті мүмкін емес. Өз тайпасының басты-басты руларының не атын, не санын, тіпті, қырғыздардың өздері де білмейді. Ыстықкөл руларының оңтүстік-шығыстағы туыстарымен ешқандай байланыстары да жоқ, бұлар тек бірін-бірі сырттан естіп қана біледі, бір-бірі жөніндегі ұғымдары да өте күңгірт әрі жаңсақ....» деген тұжырым жасаған [1. 204].

 

Қырғыздардың байырғы қонысы мен қазіргі мекені туралы

 

Қырғызтанушылар арасында «бұл халықтың байырғы мекені - Оңтүстік Сібір, қазіргі қоныс аумағы – Алатау, Қашқар мен Әндіжан аралығы» деген пікір орнықса, осыған қатысты Ш. Уалихановтың да ой-пікірі, тұжырымы бар. Бұл мәселе турасында ол өзінің тұжырымы мен көзқарасын ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәйектеді.

Пікірталасқа арқау болған – «қырғыздар Алатау мен Ыстықкөл маңына қашан қоныс аударды?» деген сұрақ.

Бұл мәселеге қатысты Шоқан да тарихи деректерге терең үңілген.

Жазба деректерін ғылыми сын тұрғысынан талдай отырып, ғалым былай дейді: «... мәлімет көзі болып саналатын қытай шежірелері мен шығыс хроникаларында белгілі бір жүйе де жоқ, дәлдік те жоқ. Қытайлардың шетелдік атауларды өздерінің иероглифтарына тек дыбыс жағынан ұйқастығы бар қытай сөздері арқылы үндестік тәсілімен аударуы, оның үстіне дәлдікті өздерінің иероглифтарының тәлкегіне құрбан еткен арсыздығы... қытай тарихында сақталған фактылар көп болса да, бұл мәселені анықтауға мүмкіндік бермей отыр» [1. 222].

Бұл сыни көзқарасын өрбіте келе Шоқан: «... қытай географиясының қырғыздардың шыққан тегі жөніндегі пікірін, Орта патшалықта ол қанша беделді болса да, шындық деп санауға болмайды, өйткені ол пікір тек болу мен бурут деген екі сөздің құр әншейін үндес болуынан ғана туған пікір, оның үстіне бурут деген сөзді Алатау қырғыздарының өздері де білмейді және ондай сөзді қытайлардың не үшін алғанына, қайдан алғанына өздері де қайран қалады» дейді [1. 232].

Сонымен бірге, деректерді салыстырмалы талдау барысында «...шығыс дерегінің қытай дерегі алдында артықшылығы бар екені, әрине, күмәнсіз...» деген деректанулық тұжырым жасайды [1. 222].

Шоқан  қырғыздардың тарихи географиясы, этникалық шығу-тегі, миграциясы бойынша Әбілғазы, Рашид-ад-дин, Клапрот, Абель Ремюза, Риттер, Фишер, Левшин, Иакинф және т.б.  еңбектерімен танысып,  жан-жақты талдау жасаған. Ең бастысы, аталған зерттеушілердің еңбектеріндегі мәліметтерді қырғыздың төл тарихи аңыздары мен жыр-дастандарындағы деректерімен салыстыра отырып, кешенді ізденістер жасаған. Бұл тұрғыда ғалымның өзі: «Согласовать сказания одного с сказаниями другого, чтобы иметь связь и последовательности, составляет труд если не неодолимый, то, по крайней мере, тяжкий и почти невозможный без предположений и догадок… хронографическое изучение современных кочевых народов, их быта, обычаев, преданий и языка представляет второй вспомогательный источник, который может служить в разъяснение первого» [2].

Шоқантанушылар ғалым зерттеулерінің ғылыми тереңдігіне былай деп баға береді: «В Валиханове удачно сочетались способности текстолога и мыслителя. Много сил и времени ученый уделял работе над переводами рукописей средневековых авторов, критическому комментированию и обобщению добытых кропотливым трудом сведений» деп атап көрсетеді [3].

Шоқан қырғыздардың ХVІІ ғ. аяғында қазіргі мекендеп отырған жеріне қоныс аударып келді деген пікірдің мүлде негізсіз екендігін дәлелдейді. Оған жетекші уәж ретінде халықтың санасындағы тарихи жады құбылысын алға тартады. Түркі халықтарының тарихы мен тілдерінің, әдет-ғұрпы мен жыр-аңыздарының білгірі ретінде халықтың тарихи жадына ерекше маңыз береді.

Оның қайнары – тарихи жырлар мен аңыз-дастандарға терең зер салады.

Соған сәйкес Шоқан: «Енесей қырғыздарының ұрпағы бола отырып, Алатау қырғыздары өздерінің оңтүстікке жер ауып келгендігін мұндай қысқа мерзімнің ішінде ұмыта қойды деп ойлаудың өзі мүмкін емес» дейді [1. 241]

Сонымен бірге, «... Қырғыздардың ежелден бері Әндіжан тауларының маңын мекендеп және Оңтүстікте Қашқарға дейін көшіп-қонып жүргені Алатау ордасының халық аңыздарынан айқын көрініп отыр» деп жазады [1. 227].

«Қырғыз дастандарының бәрі де өздерінің Алтын Ордадан шыққан қазақ, өзбек, татар халықтарымен туысқандығы туралы айтады және бір кезде мекен-жайы Енесейде болғандығы жөнінен Алатау қырғыздарында ешбір хабары жоқ», деп атап көрсетеді [1. 241].

Шоқан қырғыздардың Алатау мен Ыстықкөл аумағына қоныстану мәселесі бойынша  «Оңтүстік Сібір алғашқы дәуірдің өзінде-ақ, қырғыздардың көшіп-қонып жүрген тұрақты жері болған. Бұл даусыз ақиқат» [1. 238] деген нақты тұжырым жасай отырып, өз ғылыми болжамын ұсынады. Біріншіден, бүгінгі Алатау қырғыздары - Шығыс Түркістанға Шыңғыс ханға дейін немесе соның тұсында қоныс аударған Сібір қырғыздары. Екіншіден, Сібір қырғыздары бұрынғы түсінік бойынша Сібір шежірелерінен қоныс аударудың нәтижесінде емес, түрлі қолайсыз жағдайлардың кесірінен жоғалып кетті [1. 240].

Ш. Уәлихановтың бұл ғылыми пікірін О. Караев, М. Кожобеков, Т.К. Чороев, Ч.Д. Турдалиева сынды қырғыз зерттеушілері негізді деп есептейді [4].

Қырғыздардың шаруашылығы туралы

 

Ш.Уәлиханов қырғыздар туралы жазбасында «Халық байлығы — мал шаруашылығы» деп атап көрсетеді.

Қырғыздардың шаруашылық жүйесін ғалым қазақ халқының мал шаруашылығымен салыстыра отырып, ондағы ортақ және ерекше белгілерін айшықтап зерттеген.

«...Алатау қырғыздарының ордасындағы мал шаруашылығының негізі жылқы мен түйе, қой мен ірі қара мал. ... Ең бай деген қырғыздың қойы үш мыңнан аспайды, ал енді ірі қара малдары едәуір көп болады. Әлді қырғыздың елуден жүзге тарта ірі қара малы болады.... Сол жақ бөлімнің қырғыздары ірі қара малды ат орнына ат, түйе орнына түйе ғып, салт мініп те жүреді, жүгін де артып жүреді. Қоңырау тағып безендіріп, сәнді ер-тоқымын салып мінетін жақсы өгізін памирлік қырғыз небір жүйрік сәйгүлігіңізге де айырбастамайды» деген бірқатар тың деректер негізінде мәліметтер береді [1. 212].

Сонымен бірге Ш. Уәлихановтың назарынан төрт түліктің қорегі туралы мәліметтер де тыс қалмаған. Ғалымның зерттеу жұмыстарына үлкен ыждаһаттылықпен қарағаны қайран қалдырады. «Қырғыз жылқысының сүйікті оты — қоңырбас, қазақ жылқысының сүйікті оты — бетеге мен тікенді ебелек. Ебелек сентябрь айында пісіп жетіледі де, жылқының құнарлы күздік жайылымына айналады. Жылқы күзгі екі айдың ішінде ебелекке тойынып, қатты семіреді: қоңырбас тау етегінде, көл жағалаударында өседі. «Адам етсіз, жылқы қоңырбассыз тұра алмайды» дейді қырғыз мақалы [1. 213].

Ш. Уәлиханов қырғыз халқының санын анықтай алмағаны сияқты, олардағы мал санын анықтаудың да мүмкін емес екеніне тоқталып: «... Орданың ешкімге сенбейтін әрі тағылық жағдайында малдың санын, тым болмағанда шамамен белгілеудің өзі де мүмкін емес. Бұл жөнінде берген сұрақтарға жалтарып, шындыққа мүлдем жанаспайтын жалған санды айтады» деген қынжылысын білдіреді.

Шоқан қырғыздарда аңшылық, балық аулау сияқты қосымша кәсіп түрлерінің мардымсыз екенін айтады.

Бірақ қырғыз аңшылығының басты ерекшілігі жөнінде: «Қытайда жас бұғының қанды мүйізі қымбат болады, Лужун дейтін медициналық дәріні сол мүйізден істейді, сондықтан қырғыздар аңшылық кәсібі дегенде, тек осы бұғы аулаумен ғана шұғылданады» деп жазады [1. 213-214].

Ыстықкөлдің балығы көп, бірақ жергілікті тұрғындар ау салумен шұғылданбайды, балық аулайтын жабдықтары да жоқ...» деп, олардың мұндай кәсіптерді игере қоймағанын анықтаған [1. 214].

Дегенмен қырғыз арасында егіншіліктің лайықты деңгейде тарaлып,  оның бүкіл халықтық кәсіп болып отырғанын ерекше атайды. «...Қырғыздардың бәрі де астық егеді және көшпелінің ішеріне керек мөлшеріне қарағанда анағұрлым мол егеді. Жерінің құнарлы топырағы олардың бұл кәсібіне өте қолайлы жағдай туғызып отыр...» деп, табиғи ортаның қолайлылығы егіншіліктің дамуына шешуші ықпал жасайтынын көрсетеді. «Олар көбінесе бидай, арпа мен тары егеді. ...Тарыдан боза қайнатып, бозадан арақ қайнатады және ол арақты өздері керемет көп ішеді. Ақсу өзенінің оңтүстік алабы Барсқауын мекен-жайы мен Тышқан өзеніне дейін жаппай егістік, кіші-гірім өзендердің бәрінде де су диірмендері бар.» деп, егіншіліктің қырғыздардың өмірінде алатын орны жөнінде құнды мәліметтер келтірген [1. 214].

Жалпы, Шоқанның қырғыздар туралы жазбаларына зер сала қарағанда, оның тарихи пайымдары географиялық мәліметтермен, географиялық зерттеулері тарихи деректермен нақтыланып, өріліп отырады.

Ғалымның мұрасы бүгінгі күнге дейін жинақталып, жүйеленіп ғылыми айналымға енгізілгені мәлім. Дегенмен ғылыми танымның әрдайым даму үстінде болатынын ескерсек, тарихи мұралар әр қырынан зерделене бермек. Тарих ғылымының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері көкжиегінің кеңеюіне байланысты Ш. Уәлиханов еңбектерінің жаңа қырлары ашыла беретіні сөзсіз. Өз кезегінде бұл  ғылыми мұралар Орталық Азия халықтарының бірегейлігін нығайтуға арқау болып, оң ықпал етеді деп есептейміз.

 

Нұрбек ШАЯХМЕТОВ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы,профессоры

 

 

Әдебиеттер:

  1. Қырғыздар туралы жазбалар // Уәлиханов Ш. Таңдамалы.- Алматы: «Жазушы», 1985, 560 бет (207 б.)

  2. Валиханов Ч.Ч. Записки о киргизах // Собрание сочинений. Алма-Ата, 1961. т. 1. с. 367 (С. 347-348)

  3. Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Чокан Валиханов – востоковед.- Алма-Ата: Наука, 1985.- 112 с.(82 с.)

  4. Караев О., Кожобеков М. О переселении енисейских кыргызов на Тянь-Шань//Вопросы этнической истории киргизского народа.- Фрунзе, 1989; Чороев Т.К. Тенгир-Тоо (Притяньшанье) как регион этногенезиса кыргызского народа // Этногенетические и этнокультурные процессы в древности и средневековье в Центральной Азии.- Бишкек, 1996; Турдалиева Ч.Д. История и культура кыргызов в трудах Ч.Ч. Валиханова.- Бишкек, 2000


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар