Шығыс Қазақстан облысында экологиялық мәдениетті дамытуға арналған бес жылдық жоспар бекітілді. Жоспар 2024–2029 жылдарға арналған және халықтың экологиялық санасын, білімін арттыру мен ақпараттандыруға бағытталған 44 іс-шараны қамтиды. Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Құжат ҚР Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұжырымдамаға сәйкес әзірленіп, 2024 жылдың желтоқсанында Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Ресми түрде 2025 жылдың 9 сәуірінде облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілді. Тұжырымдаманың мақсаты – халықтың қоршаған орта мен табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Экологиялық ойлау мен мінез-құлықты қалыптастыру бағытында экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркейтін қосымша камералар орнату, ауа сапасын онлайн бақылау жүйесін дамыту, облыс орталықтарында сумен жабдықтау және су бұру жүйесін цифрландыру көзделген. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары, қалалар мен ірі елді мекендерде су үнемдеу технологияларын енгізу, электромобильдерді пайдалану үшін жағдай жасау, экобокстар мен фандоматтар орнату жоспарланған.
Экологиялық білім беру мектеп оқушыларын да, педагогтарды да қамтиды. Өңірде экологиялық тақырыптағы шығармалар мен жобалар конкурстары, «Жасыл балабақша» секілді білім беру бағдарламалары іске асырылады. Сонымен қатар, «Мен – зерттеушімін» оқушылар байқауы, «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен натуралистердің облыстық форумы өткізіледі. Мұғалімдерге экологиялық тәрбие бойынша біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылады, ал мектептерде бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында тұрақты түрде сынып сағаттары өткізіледі.
Ақпараттық-ағартушылық жұмыс жоспарда ерекше орын алады. Бұл бағытта экологиялық бейнероликтер мен фильмдер шығару, мәдени іс-шаралар, акциялар мен БАҚ өкілдері қатысатын жиналыстар өткізу көзделген. Жоспарланған бастамалар қатарында – «World Clean-Up Day» халықаралық акциясына қатысу, «Саябақтар шеруі» табиғатты қорғау шарасы, экологиялық волонтерлікті насихаттау және қоршаған ортаны ластауға, экологиялық құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру бар.
Барлық іс-шаралар бекітілген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады және уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болады. Өңірлік жоспар қала және аудан әкімдіктеріне, сондай-ақ барлық жауапты мемлекеттік органдарға нақты іске асыру үшін жолданды. Қабылданған шаралар өңірдің тұрақты экологиялық дамуына берік негіз қалайды және халықты экологиялық бағытталған болашақты қалыптастыруға тартуға мүмкіндік береді.