Цеснабанк болған Jusan Bank енді біржола Alatau City Bank болып өзгерді

Кәмшат Тілеухан 17 мау. 2025 09:41

First Heartland Jusan Bank атауының өзгеруіне байланысты мемлекеттік қайта тіркеу рәсімін аяқтады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2025 жылдың 16 маусымында "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы банк атауының өзгеруіне байланысты мемлекеттік тіркеуді қайта жүргізді. Банктің, әзірге екі атауы да жеке қызметтерде, құжаттарда, ақпараттық жүйелерде және т.б. қолданылуы мүмкін. Атауды өзгерту бойынша іс-шаралар жалғасуда және оған біраз уақыт қажет. Алайда банктің мемлекет, тұтынушылары және әрептестері алдындағы міндеттемелер сол күйінде өзгеріссіз қалады, банк атауы алмасуының оған түк қатысы жоқ", делінген банк хабарламасында.

Осылайша Jusan Bank ресми түрде Alatau City Bank-ке айналды.

Jusan Bank-тің Alatau City Bank болатыны туралы 2025 жылдың 28 мамырында белгілі болды. Jusan Bank атауының өзгеруі оның Kaspi.kz-ның тең төрағасы Вясчеслав Кимге сатылуымен байланысты болды. 2025 жылы ақпанда Ким ҚНРДА-ға аталған банкті сатып алуға өтініш қалдырған. 2025 жылы 3 маусымда агенттік Вясчеслав Кимге "First Heartland Jusan Bank" АҚ-тың ірі қатысушысы болу мәртебесін беруге келісті.

Jusan Bank Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновтің меншігі болып табылады, нақтырақ айтқанда, ол банк акциясының  19,67%-ына тікелей иелік етсе, 78,11%-ын First Heartland Securities арқылы басқарып келген.

Jusan Bank - бұрынғы Цеснабанк. Оны 2019 жылы ақпанда First Heartland Securities сатып алады. Кейін қаржы институты Jysan Bank деп аталады.

Ол кезде Цеснабанктің несие портфелі "проблемалық" болды. Сондықтан 2017 жылы қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасы шеңберінде Jusan Bank-тің "атасы" Цеснабанкке 100 миллиард теңгенің субординарлы заемы берілген. 2018 жылдың аяғында және 2019 жылдың басында АӨК кәсіпорындарын қаржылай сауықтыру және "ҚазАгро" ҰБХ арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, сондай-ақ "Агробизнес-2020" бағдарламаларының негізгі қатысушы ретінде Цеснабанктің қаржылық тұрақтылығын күшейту мақсатында Проблемалық кредиттер қоры Цеснабанктің портфеліндегі 1,054 трлн теңгенің агрокредиттерін сатып алады. Оның ішінде 450 млрд теңге - бірінші транш және 604 млрд теңге – екіншісі.

2021 жылы Jusan Bank АТФБанкті сатып алды, содан кейін банк атауы Jusan деп өзгерді.

2023 жылы шілдеде "Jusan тобы бойынша дауларды бейбіт реттеу", сондай-ақ активтерді қазақстандық юрисдикцияға қайтару/беру шеңберінде First Heartland Securities-дің (дауыс беретін акциялардың 99,745%) 8,2 млн жай акциясын Есенов Jusan Technologies Ltd-дан сатып алды.

"Осылайша банктің соңғы бақылау тарапы және оның "еншілестері" New Generation Foundation, Inc-дан Есенов мырзаның қолына өтті", - деп нақтыланады банктің қаржылық есебінде.

2024 жылы сәуір айында Jusan банктің "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-дан 100 млрд теңгенің субординарлы облигацияларын мерзімінен бұрын сатып алғаны хабарланды.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар