Алматының іргесіндегі жаңа шаһар: "Алатау" кімнің қаржысына салынады?

Кәмшат Тілеухан 09 мау. 2025 14:03

"Бұған дейін Jusan bank алған заем төңірегіндегі сыбыстың түп-төркіні ақыры айқындалды. Енді бұл банк Alatau City Bank (ACB) болып қайта құрылады". Осылай деген қаржыгер-маман Расул Рысмамбетовтың пікірінше, бұл –  Жетіген-Алатау қаласына арналған жеке банктің болуы Алматы маңында жаңаша бір қаржы орталығы қалыптасып жатқанын меңзей алады. Сарапшы, бәрінен бұрын мұнда Отбасы банк пен "Бәйтеректің" де ақшасы тартылуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл арада көрші елдің астанасы Ташкент қаласын дамыту үшін құрылған "Пойтахт" банк қателігіне жол бермеген маңызды.  Өзбекстанда мемлекеттік бюджетке сенім артып, банктің қаржылық тұрақтылығын тиісті дәрежеде қамтамасыз ету жайына назардан тыс қалдыру үлкен қателік болғаны белгілі. Нәтижесінде, орталық банктің қатаң кредиттік талаптары банктің миллиардтаған доллар қаржыны тартуына кедергі жасаған болатын", - дейді ол.

Сарапшының ойынша, Қазақстан билігі мен жаңа қаланың сәулетшілері де бұл жайынан хабардар әрі оны басты назарға алып отырған болуы керек (инвесторлардан жер телімдерін алып қою жағдайын). 

"Жаңа қаланы айқын мақсат пен міндетсіз салуға болмайды. Сондықтан бұл ретте басты жоспар және іске асырылатын идея жобалары әзір деп ойлаймын. Жақында өткен Астана экономикалық форумында (АЭФ) жаңа қала тұжырымдамасы таныстырылды, әзірге нақты жоспары емес, тек макеті ғана ұсынылды. Жетісу өңірінің тұрғындары мен Алматы қаласы үшін іргеден жаңа қаланың бой көтеруі – қуанышты жаңалық. Енді облыстың бас қосатын тағы бір орталығы болады", - дейді Рысмамбетов.

Егер Назарбаевтың кезінде өте қымбатқа түскен үлкен қала - ел астанасы салынса, ал Тоқаевтың ұсынған "Алатауы" жинақы және бизнес қауымдастыққа арналған қауіпсіз қала ретінде таныстырылуда.

"Бір сөзбен айтқанда, Алматы облысында бизнес-қауымдастықтың талап-талғамына сай, элиталы әрі ықшам шаһар пайда болмақ. Қазақстанның қала салу тәжірибесіне сүйенсек, жаңа қаланы тұрғызу – ескі қаланы жөндеп, жаңалағаннан әлдеқайда тиімді әрі оңай болмақ. Бұл ретте Қапшағай қаласы күрделі реконструкция мен инвестицияларға мұқтаж екені шындық. Жаңа қала тұрғызыла бастаған кезде бұл мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс. Егер биліктің орнында болсам, мен  "Алатау" қаласын толығымен жекеменшік басқаруға беріп, тіпті әкімін халықтың өздері сайлайтын, заманауи үлгідегі қалашық ретінде дамытуға мүмкіндік берер едім. Қазақстанда бұған дейін де мұнай мен металлургия компанияларының басқаруындағы моноқалалар тәжірибесі бар, бірақ заманауи бизнес-қаланың моделі ретінде бұл Қазақстан үшін тың бастама болмақ", - дейді маман.

Сарапшы жаңа қаланың құрылысы үкіметтің басты назарында болатыны анық екенін айтады.

"Осы жағынан алғанда, алдағы уақытта Алматы облысының әкімінің ауысуы мүмкін немесе "Алатау" жобасын тікелей президенттің немесе премьер-министрдің қадағалауына өткізу мәселесі қарастырылуы ықтимал", - дейді ол.

Тағы бір маңызды фактор – Қапшағай аймағында қыс мезгілінде ауа райы ылғалды әрі суық.

"Осыған байланысты жаңа қалада тәуелсіз орталықтандырылмаған жылыту жүйелерін орнату немесе жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тиімді болмақ. Ақмола облысындағы Ақкөл қаласының тәжірибесін ескере отырып, осы бағыттағы қателіктерді қайталамаған абзал", - дейді Расул Рысмамбетов.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми түрде Вячеслав Кимге "First Heartland Jusan Bank" АҚ-тың ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім бергенін жазғанбыз.  2025 жылы 28 мамырда Jusan Bank атауын өзгертетінін ресми түрде жариялады. Банк баспасөз қызметі ендігіден бастап өздерінің "Alatau City Bank"АҚ деп аталатынын нақтылады. Кимнен бөлек тағы бірқатар олигархтар Астана экономикалық форумында Алатау қаласына инвестиция жасауға әзір екендіктерін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар