Қазақстанда жаңа Конституция талаптарына сәйкес тағы 18 заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Конституцияда айқындалған әділдік, заң үстемдігі, адам құқығын құрметтеу, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық жауапкершілік қағидаттары елдің қазіргі дамуы мен болашақ ұрпақ үшін негізгі құндылықтарға айналған.
Министр жаңа Конституцияда алғаш рет ұлттық мәдени мұраны сақтау және дамыту мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітілгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәдениеттің қоғамның бірлігі мен елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді.
Сондай-ақ, Конституция нормаларын толық іске асыру үшін тағы 18 заңға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түзетулер сөз бостандығы, ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиындар өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография және Конституциядан туындайтын өзге де құқықтық нормаларды қамтиды.