Қазақстанда келесі жылдан бастап электр қуаты үшін төленетін ақы өсуі ықтимал. Бұл туралы "Ақмола өңірлік электр желілік компаниясының" (АРЭК) электр энергиясы тарифін көтеру туралы өтінішінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатқа сәйкес электр қуатының жүктемені қамтамасыз ету қызметінің тарифі 2026 жылы айына 1 МВт үшін ҚҚС-сыз 1 560 850 теңге болған. Ал 2027 жылы бұл көрсеткішті 2,3 млн теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.
Ұсынылған өзгеріс қабылданса, электр қуаты үшін төлем шамамен 47 пайызға өседі.
Электр энергиясының түпкілікті тарифіне электр қуаты үшін төлем де кіреді. Ол жаңа электр станцияларын салу, жаңғырту және қайта жаңарту жобаларын қаржыландыруға бағытталған арнайы нарық арқылы қалыптасады. Бұл жүйе 2019 жылдан бері жұмыс істейді және энергетика саласына инвестиция тартуға арналған.
Сарапшылардың болжамынша, төлемнің өсуіне Түркістандағы бу-газ қондырғысы іске қосылуы және Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-тің газға көшу жобалары әсер етуі мүмкін. Бұл нысандар пайдалануға берілсе, олар инвестиция шығынын өтеу үшін электр қуаты нарығынан төлем ала бастайды.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігі электр станцияларының тарифін шілдеден бастап көтеру туралы жоспарды кейінге қалдырды. Бұл шешім қабылданғанда, электр энергиясының көтерме бағасы бір киловатт-сағат үшін ҚҚС-сыз 32,92 теңгеден 42,89 теңгеге дейін өсер еді.
Мамандардың айтуынша, көтерме баға өсуі электр желілеріндегі шығынды да арттырады. Соның салдарынан электр энергиясын тасымалдау тарифі өсіп, бұл өзгеріс түпкілікті тұтынушы төлейтін бағаға да әсер етуі мүмкін.