Қазақстанның көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Астанада жаңа әуежайдың құрылысы қашан басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында сөйлеген министрдің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде елдегі әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде Астана әуежайын жаңғырту – басым бағыттардың бірі.
«Әуежай инфрақұрылымына қатысты айтсақ, алдағы үш жыл ішінде оны жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылады. Бұған дейін де айтылғандай, Астана әуежайын жаңғырту – бірінші кезектегі міндет. Қазіргі уақытта қала әкімдігі қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланып отыр», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Еске салайық, кеше өткен Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежай салуды «кейінге қалдыруға болмайтын міндет» деп атаған болатын.