Freedom Inside '26

Марқұм полицейдің әріптесі Аслан Әлсеровті еске алды

Марқұм полицейдің әріптесі Аслан Әлсеровті еске алды

Алматы облысында өртенген күйі табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сырт көзге тату, спортпен айналысатын әрі полиция қызметіндегі үлгілі отбасы ретінде танылған Әлсеровтер шаңырағы бүгінде қоғамдағы ең резонансты қылмыстық істердің біріне айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Stan.kz тілшісі осы іске қатысты марқұмның бұрынғы әріптесімен сөйлесіп, Аслан Әлсеровтің қызметте қандай адам болғанын, отбасы туралы не білетінін және тергеу барысына қатысты пікірін сұрады.

Бұрынғы әріптесінің айтуынша, ол алғашқыда қаза тапқан адамның Аслан Әлсеров екенін бірден түсінбеген. Себебі қызметтегі әріптестері оны көбіне атымен емес, лақап атымен атаған.

"Ең әуелі, оқиға туралы мәліметті көргенде, өлтірілген адамның Аслан екенін бірден түсінбедім. Өйткені біз оны ешқашан атымен атай бермейтінбіз. Қаладағы әріптестер арасында оны көбіне "Басар" немесе "Слепой" деп атайтынбыз. Өзі де өзін үнемі "Слепоймын" деп таныстыратын. Неге дәл солай аталғанын білмеймін, жай ғана солай қалыптасқан", – дейді марқұмның бұрынғы әріптесі.

Оның сөзінше, Аслан Әлсеров пәтер ұрлығы істерін ашуда өте тәжірибелі маман болған. Қылмыскерлерді анықтап, ұстауда кәсіби шеберлігімен көзге түскен.

"Пәтер ұрлығы істерін ашуда ол нағыз кәсіби маман еді, қылмыскерлерді ұстауда өте мықты еді. Қаладағы ең тәжірибелі жедел уәкілдердің бірі саналды, ұсталған күдіктілердің саны да көп еді", – деді ол.

Бұрынғы әріптесі марқұмның қызмет барысында бірнеше рет қауіпті жағдайға тап болғанын да айтты. Оның сөзінше, Аслан Әлсеровке бұған дейін бірнеше мәрте қастандық жасалған.

"Оған бірнеше рет қастандық жасалды. Пышақтаған, оқ атқан, жақ сүйегін сындырған, мұрнын сындырған жағдайлар болған", – дейді экс-полицей.

Әріптесінің айтуынша, Аслан Әлсеров өз ісіне берілген, тәжірибелі әрі батыл жедел уәкіл ретінде есте қалған. Қазір оның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.