Freedom Inside '26

Қазақстандықтардың 65%-ында жинақ жоқ: қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалай қалыптастыру керек?

Қазақстандықтардың 65%-ында жинақ жоқ: қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалай қалыптастыру керек?
pixabay.com

Қазақстан Ұлттық банкінің 2025 жылғы сауалнамасына сәйкес, ел тұрғындарының 65%-ында жеке жинақ жоқ. Бұл күтпеген жағдай туындағанда жұмысынан айырылғанда, сырқаттанғанда немесе басқа да төтенше жағдайда – қазақстандықтардың басым бөлігі несие алуға немесе қарыз сұрауға мәжбүр болуы мүмкін екенін көрсетеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Айгерім Ілиясованың айтуынша, көптеген адам алдымен несиесін мерзімінен бұрын жабуға немесе инвестиция салуға тырысады. Алайда ең алдымен қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыру қажет.

«Инвестиция салмас бұрын немесе несиені мерзімінен бұрын жаппас бұрын міндетті түрде қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыру керек. Өйткені мерзімінен бұрын жабылған несие адам жұмыссыз қалған жағдайда азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге көмектеспейді», – дейді Айгерім Ілиясова.

Маманның айтуынша, қаржылық жастық көліктегі қауіпсіздік жастығына ұқсайды. Ол ешқашан қажет болмауы мүмкін, бірақ қиын кезеңде жаңа қарызға батпай шығуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қаржыгер қазіргі кезде несие карталары мен тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары екенін, ал банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптары күшейгенін атап өтті.

«Халықаралық тәжірибе бойынша адамның кемінде алты айлық міндетті шығынын жабатын қаржылық қоры болуы керек. Бұл ретте табысты емес, ай сайынғы міндетті шығындарды есептеу қажет. Оған азық-түлік, тұрғын үйді жалдау немесе ұстау шығындары, көлік, несие төлемдері және басқа да тұрақты шығындар кіреді», – деді ол.

Айгерім Ілиясова қажетті соманы анықтау үшін кемінде екі ай бойы барлық шығындарды жазып жүруге кеңес береді.

Мысалы, егер адамның айлық табысы 400 мың теңге, ал міндетті шығындары 250 мың теңге болса, қаржылық қауіпсіздік жастығы шамамен 1,5 млн теңгені құрауы тиіс.

Маман мұндай қорды табыстың 20 пайызын тұрақты түрде жинақтау арқылы қалыптастыруға болатынын айтады. Мұндай жағдайда қажетті соманы шамамен бір жарым жылда жинауға мүмкіндік бар.

Қаржылық резервті сақтау мәселесіне де ерекше назар аудару қажет.

«Қаржылық қауіпсіздік жастығын акцияларда немесе басқа да бағалы қағаздарда сақтауға болмайды. Шұғыл қажет болған жағдайда оларды нарықтағы қолайсыз бағамен сатуға тура келуі мүмкін. Қолма-қол ақшаны үйде сақтау да дұрыс емес, өйткені инфляция салдарынан оның құны төмендейді әрі қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейді. Ең тиімді нұсқа ақшаны ішінара шешіп алуға болатын теңгелік депозитте сақтау», – деді қаржыгер.

Оның айтуынша, бұл қаражатты ипотекаға немесе автонесиеге алғашқы жарна ретінде пайдалану да қателік.

Айгерім Ілиясова алты айлық қор мен табыстың 20 пайызын жинақтау қағидасы халықаралық тәжірибемен дәлелденгенін айтады. Әдетте алты ай ішінде адам денсаулығын қалпына келтіріп, жаңа жұмыс тауып немесе қосымша табыс көзін қалыптастыра алады.

Егер табыс тек негізгі қажеттіліктерді өтеуге ғана жетсе, маман шығынды қысқартудан гөрі кірісті арттыруға көңіл бөлуге кеңес береді. Оның айтуынша, skills.enbek.kz платформасында жаңа мамандық меңгеріп, қосымша табыс табуға немесе жеке кәсіп ашуға қажетті білімді тегін алуға болады.

Қаржылық қауіпсіздік жастығы толық қалыптасқаннан кейін ғана табыстың сол 20 пайызын қымбат несиелерді мерзімінен бұрын өтеуге, кейін инвестициялауға бағыттаған жөн.