Ауа райы болжамы: Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Ауа райы болжамы: Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Фото: ЖИ

31 тамызда Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт құбылады. «Қазгидромет» Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Елдің солтүстігінде ауа температурасы төмендеп, топырақ бетінде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмуін. Қостанай облысының кей жерлерінде жаңбыр қар аралас жауынға ұласуы мүмкін. Өзге өңірлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман, шаңды дауыл және аптап ыстық болжанады.

Астанада түнде топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік күтіледі.

Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз солтүстік аудандарда аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында топырақ бетінде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Көкшетауда түнгі үсік 2 градусқа дейін жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұршақ жауып, жел күшеюі ықтимал. Түнде және таңертең тұман түсіп, топырақ бетінде 3 градусқа дейін үсік күтіледі. Петропавлда күндіз жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжанады. Түнде және таңертең тұман түсіп, топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік жүреді.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Кей аудандарда жаңбыр соңы қар аралас жауынға ұласады. Батысы мен солтүстігінде тұман түсіп, топырақ бетінде 3 градусқа дейін үсік күтіледі. Облыстың солтүстік-батысы мен шығысында жоғары, ал оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының солтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі. Осындай ауа райы Павлодар қаласында да болжанып отыр.

Қарағанды облысының оңтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жауып, жел күшеюі мүмкін. Солтүстік және шығыс аудандарда тұман түседі, ал солтүстікте 3 градусқа дейін үсік жүреді. Облыстың оңтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысы мен Жезқазғанда төтенше өрт қаупі сейілмейді.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен таулы аудандарында кей уақытта қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ пен екпінді жел болжанады. Түнде және таңертең солтүстік аудандарды тұман басуы мүмкін. Өскеменде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Абай облысының батысы, солтүстігі мен орталығында түнде жаңбыр жауады. Кей жерлерде жауын күшейіп, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында қатты жаңбыр, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Шығысында тұман түседі, ал оңтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Семейде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Алматы облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында түнде аздаған жаңбыр жауады. Күндіз облыстың солтүстігі, оңтүстігі, орталығы мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және орталық аудандарда шаңды дауыл тұрып, күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Орталығы, батысы мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы мен Қонаевта күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қонаевта 35 градусқа дейін аптап ыстық болып, төтенше өрт қаупі сақталады. Іле Алатауында да түстен кейін жаңбыр мен найзағай болжанады.

Жетісу облысының таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз таулы жерлерде жауын күшейіп, бұршақ түсіп, жел екпіні артуы мүмкін. Облыстың орталығы, оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Жамбыл облысының солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аудандарында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұршақ пен екпінді жел болуы ықтимал. Облыс аумағында және Тараз қаласында төтенше өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысының таулы аудандарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыста, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысының орталығы мен оңтүстігінде шаңды дауыл болжанады. Өңір бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да күндіз шаңды дауыл тұруы мүмкін.

Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және орталық аудандарда жоғары өрт қаупі, ал облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбе қаласында да таңғы уақытта тұман болжанады.

Атырау облысы мен Атырау қаласында төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батысы мен солтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі бар. Ақтауда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің басым бөлігінде төтенше, солтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Оралда таңғы уақытта тұман түсіп, жоғары өрт қаупі болжанады.