Сарапшы Каспийде Қазақстанның әскери теңіз флотын күшейетінін болжады

Dalanews 08 там. 2023 13:24 1327

Батыс басылымдары Түркия Қазақстанға Каспийдегі әскери теңіз флотын күшейтуге көмектесетінін жазып, бұл теңіздегі флотилиясы мықты Ресейдің үстемдігіне қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздеді, – деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында Түркия Қазақстанға Каспийдегі әскери теңіз күштерін күшейтуге көмектесуін жаза келе, Анкара мен Астананың жоспары Каспийдегі флотилиясы ең қуатты Ресейдің үстемдігіне қалай әсер етпек деген сұраққа жауап іздепті.

Ресейдің Каспий флотилиясы көп жыл бойы теңіз айдынында үстемдік құрғаны белігі. Сондықтан да болар, көпшілік Каспийде бұдан басқа ұлттық флоттар бар екенін елемей келген еді.

Оның үстіне осы күнге дейін теңіз жағалауындағы өзге елдер әскери-теңіз флотын қорғаныс үшін емес, іздеу-құтқару жұмыстары немесе теңіздегі бұрғылау платформасы мен құбырлардың қорғайтын күзет үшін қажет болғаны жасырын емес.

Дегенмен Қазақстан бұл ахуалды өзгертуге бет бұрды. Гоблдың жазуынша, Қазақстан жағалаудағы ғана емес, теңіздің таяз жеріндегі қорғанысқа да мән бермек.


Өткен аптада Қазақстанның мемлекеттік «Зенит» зауыты Түркияның Asfar және YDA Group компанияларымен Оралда әскери кемелерді жасау туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Гоблдың пайымдауынша, бұл келісімнің назар аударатын бірнеше маңызды тұстары бар.

Біріншіден, бұл жағдай Мәскеудің Қазақстанның кеме жасау өнеркәсібінде үстем ойыншы болып қала беремін деген жоспарына соққы жасайтыны анық.

2010 жылы Мәскеу Астанаға кеме жасайды деген келісімге қол қойылғалы Ресей өзін бұл саладағы басты ойыншы санап келген. Бірақ одан бері мина сүзетін екі кеме ғана жасаан соң, Қазақстан кеме жасайтын басқа ойыншыларды іздеуге кірісті.

Екіншіден, бұл келісім Анкараның Астанамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын күшейтеді. Түркия үкіметі Орталық Азия мемлекеттерінің қарулы күштерін дамытуда жетекші рөлге ие болуға талпынып жатыр.


Гобл Астанамен кеме жасау туралы Анкараның келісімі осы жоспардың бөлігі деп есептейді.

Үшіншіден, Ресей де, Қазақстан да Каспийдің солтүстігіндегі судың тартылуынан туындайтын стратегиялық және экономикалық салдарға алаңдайды. Астананың бұған дейін ұстанып келген шағын кемелер жасау саясаты енді Түркиямен келісім аясында жалғасатын тәрізді. Ал бұл Астананың экономикалық, тіпті әскери позициясын жақсартады, тіпті Ресейден де үстем етуі мүмкін.

Гобл Түркиямен кеме жасау туралы келісім Қазақстан мен Ресей Каспий теңізінде текетіреседі дегенді білдірмейтінін алға тартады. Өйткені Ресей кемелерінің саны аз болғанымен, әскери қуаты әлдеқайда мықты.

Сонымен қатар бұл келісім Түркия қанша жерден үміттенсе де, Анкара жақын уақытта Каспий теңізінде үстем ойыншыға айналады деген сөз емес. Түркия Каспий жағалауындағы Ресейден өзге елдерге кемелер мен оның бөлшектерін жасап беріп жатса да, тез нәтижеге қол жеткізе алмайды. Себебі шағын кеме жасаудың өзі көп уақыт талап етеді. Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстан Каспийдің тіпті бір бөлігінде жақын уақытта үстемдікке ие болуы екіталай.

Бірақ Каспийдің солтүстігі тартылған сайын таяз жерде жүре алатын Қазақстанның әскери кемелері көбейе түседі. Бұл Астанаға кемелері үлкен Мәскеу алдында артықшылық береді.


Гоблдың ойынша, Ресейдің Каспий флотилиясы мен кемелері біртіндеп көбейіп жатқан Қазақстанның әскери-теңіз флоты арасындағы арасалмақ біртіндеп өзгере бермек. Бұл – Каспий жағалауындағы елдердің аймақтағы сауда және құбырмен байланысты жоспарына әсер етеді. Сарапшы бұл жоспар Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына ғана емес, Астананың Орталық Азия, Кавказ бен Батыс елдерімен қарым-қатынасына да ықпал ететінін пайымдапты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар