Жетісайлық шаруа үйрек өсіріп, балық шаруашылығы дамытуда

Dalanews 08 там. 2023 12:26 1182

Бүгінде Түркістан облысы жасанды су көздерінде балық өсіру бойынша көш бастап тұрғаны белгілі. Өңірдегі 104 су айдынында балық өсірілуде. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Облыста тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылған.

Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бойынша жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырған болатын.

Осы ретте Түркістан облысы Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн теңге инвестиция салып, дөңмаңдай, амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген.

Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрден 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі.

Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдыруда. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар екенін мамандар алға тартуда. Сонымен қатар су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.




– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық, – дейді шаруа қожалық жұмысымен арнайы келіп танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар