Президент ұсынып отырған тиімді шаралардың бірі білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Алдағы 2018-2019 оқу жылында жыл сайынғы бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың білім гранты бөлінгелі отыр. Оның 11 мыңы техникалық, инженерлік, робототехника, нанотехнология, IT саласындағы мамандықтар бойынша игерілетін болса, білім беру жүйесінде сұранысқа ие мамандықтар басым бағытпен оқытылады. Әрине, бұл жердегі басты мақсат – төртінші өнеркәсіптік революциялық жағдайында нарық сұранысына сай мамандарды барынша көбірек даярлау. Бүгінде осындай мүмкіндіктердің арқасында жоғары оқу орындарда техникалық, педагогикалық мамандықтар бойынша жаңа дәуірдің сұранысына сай мамандықтарды игерем дейтін білім алушылардың саны артпақ.
Елбасы Үндеуінде сапалы білім берумен қатар білім алушыларды жатақханамен қамту да назардан тыс қалдырмаған. Тәуелсіз еліміздің кемел келешегі – жастардың жатақханамен қамтылуы және сапалы білім алуға жасалған мүмкіндіктер олардың болашаққа деген сенімін арттырып, жаңаша серпін берері сөзсіз. Елбасының мемлекеттік орта және жоғары оқу орындарын, сонымен қатар онда білім алып жатқан жастарды материалдық, әлеуметтік, рухани қолдаумен қатар, оларға жағдай жасауы болашақ маман болам дейтін мектеп түлектеріне күш беріп, алға қойған мақсаттарына жетелейтін қолдау деп білемін.
Елімізде Үндеу аясында жасалынып жатқан жүйелі жұмыстар орта және жоғары білім бағытының деңгейін көтеру, білім саласында жұмыс жасап жүрген ұстаздардың мәртебесін арттыру болып табылады. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз өз тарапымыздан болашақ мамандарымызды мектеп қабырғасында даярлап, қажетті біліммен нәрлендіру керекпіз.
Динара Диманбаева,
№141 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы