Ең алдымен аймақ басшысына қала əкімі Нұрлан Сауранбаев «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында Қошқар ата өзенінің жағалауында бой көтеретін «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің макетін таныстырды. Жаңадан салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезеңнен жүргізіледі. Жоба толығымен жүзеге асса, 208 мың шаршы метрді құрайтын, 3976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылатын болады.
Сондай-ақ, облыс әкімінің назарына «Қарасу» және «Қошқар-ата» өзендерінің бойында жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының жоспары ұсынылды. Жоба бойынша онда алдымен өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1200 метр жер халық қыдырыстайтын демалыс орнына айналады. Бүгінде аталған жоба аясында Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойымен жүріп өтетін 300 метр аяқ жол көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Алдын ала дайындық жұмыстары кезінде мамандар өзен бойын заңсыз иемденіп алған 96 жер учаскесін анықтаған. Бүгінде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті жерлер мемлекет қажеттілігіне қайтарылуда.
Жобалармен танысып шыққан аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға халықты түсіністікпен қарауға шақырды.
«Қошқар ата Шымкенттің тарихи орталығы саналатын керемет жер. Жаратылыстың мұндай ғажап мекенін бүкіл халықтық игілікке айналдыруды басты мақсат етеміз.Өзеннің жағалауын абаттандыруды тек қана экологиялық тазалық деп түсінбеу керек. Мұнда туризм индустриясы деген үлкен мәселе жатыр. Қонаққа келген шетелдіктердің тамашалауына сәулетті ғимараттар аздық етеді. Олар негізінен тарихи-мәдени жерлерге көбірек қызығушылық танытады. Осы ретте Қошқар ата өзенінің үлкен мәнге ие екенін түсінуіміз керек. Яғни, осы арқылы туристерді көптеп тартуды көздеп отырмыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, Қошқар ата ерекше мәдени-тарихи маңызға ие, киелі мекен деп танылады. Себебі, өзен жағалауында Қошқар ата кесенесі орналасқан. 2010 жылы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін алды. Өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аумаққа шамамен 1,5 шақырым жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылды. Ал жалпы Қошқар ата өзенінің ұзындығы 78 шақырымды құрайды.
Бұдан бөлек, облыс әкіміне Д.Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы жобасы ұсынылды. Екі кезең бойынша жүргізілетін жол құрылысының I кезеңінде Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін, ұзындығы 580 метр, ені 42 метрді құрайтын жол құрылысы жүргізілсе, II кезеңде Әйтеке би көшесінен Володарский көшесіне дейін, ұзындығы 480 метр, ені – 42 метр болатын құрылыс жұмыстары атқарылмақ.
Осы күні Ж.Түймебаев бастаған жұмысшы топ пен бірқатар журналистер Қошқар ата өзенінің бойымен «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығына дейінгі бірнеше шақырым жерді жаяу аралап, өзен бойындағы және «Ескі қалашық» аумағындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді. Сонымен қатар, «Арбат» пен №11 шағын ауданындағы каналды абаттандыру бойынша жасалған жоба таныстырылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі