– Әй, бір жас бала пайда болыпты ғой көшеде, аяғы ауыра ма, сүріне береді, – дедім үйге кірген соң әйеліме.
– Қандай бала? – деді ол. Осындай-осындай орамал таққан деп сипаттап жатырмын ғой. Әйелім бетін шымшыды:
– Сіздікі ұят болыпты, ол ана төменгі үйге түскен келін ғой, сізге сәлем салып жүр екен, бата беруіңіз керек, – деді.
Қыздары керек болса өзіңе сәлем салдырып жіберетін орысы көптеу ауылда өскен менің көзім атыздай болды.
– Қандай бата?
– Бақытты бол, Алланың нұры жаусын, үбірлі-шүбірлі бол, дегендей жақсы сөз көп қой.
– Өй, қой, айт маған сәлем салмай-ақ қойсын.
– Жарайды.
Келіншегім айтқанымен жас келін сәлем салғанын қоймады. Ақыры бата беруге мәжбүр болдым. Осыдан кейін әуездеп шұбыртып тұрып бере бастадым. Осыдан кейін басқа келіндердің сәлем салған-салмағанын қарайтын болдым. Көшедегі үлкендердің барлығы өздерін қайынаға, қайыната, қайынапа сезініп, түзеліп қалды. Әлгі бала келе жатса сәлем салып үлгерместен батаны шұбыртып жөнелемін. Жұмыстан кейін үй жанында отырып бір-бір шиша сыра ішейік дейтін ағалар бұл әдетін сап тыйды. Бір келін бір ауылды түзеді. Кейін ата-енесі жастарды бөлек шығарды. Көп көрмейтін болдық.
Өткенде көліктен түсейін деп жатсам белесебет мінген бір кішкентай бала есікті аштырмастай ентелеп «Ассалаумағалейкүм» деп қолын соза амандасып жатыр. «Үй, айналайын, уағалейкүмассалам, кімнің баласысың?» деп басынан сипадым.
Әке-шешесін атады. Әлгі сыпайы жігіт пен ізетті келіннің ұлы екен. Ата-әжесіне қонаққа келіпті. Қақпаны ашқан әйеліме: «Қазақы иба мен инабатты сіңіріп өскен бала осындай болады» дедім риза болып.
Осы кезде қараға оранған бір әйел аман-сәлемсіз зу етіп өте шықты. Бұрын бет-аузын жапқан мұндай адамды үй маңынан көрмеппін. Менің таңырқай қарағанымды байқаған келіншегім. «Арғы көшеге түскен түскен жас келін ғой, өткенде құтты болсын айтып барғанда еркектер бар екен деп, ақсақалдарға шай да құймай қойды» деп жымиды.
Он бес-ақ жыл өтті ғой...
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист.