Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгесін екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – нарықтық қоғамның басты талабы. Сондықтан қазіргі қазақ жастары кәсіпкерлік саланың бүге-шігесін мектеп жасынан бастап көкейіне тоқыса, артықтық етпейді. Біздер көп үлгі тұтатын Батыс елдерінде «отбасылық бизнес» деген ұғым бар. Осы «отбасылық бизнес» қазір дамыған елдердің арқа сүйер тірегіне айналып отыр. Болашақта біздерде соңымыздан ерген ұрпағымызға мирас қылып қалдыратын кәсіпті меңгеру керек. Сол себепті Dalanews.kz ақпарат агенттігінің дөңгелек үстеліне еліміздегі жастарды кәсіпкерлікке баулу мәселесін арқау етіп отырмыз. Осы тақырыпта кәсіптік білім және бизнес саласында табысты еңбек етіп жүрген мамандардың ой-пікірін топтастырып, сайтымыздың оқырмандарына ұсынуды жөн санадық. Осы тақырыптағы ойын ортаға салуға білікті экономист Тимур Назханов, Қыздар педагогикалық университетінің экономика пәнінің оқытушысы Райхан Бекайдарова және кәсіпкер Нұржан Қалиев ықылас танытты. Енді тәжірибелі мамандардың ой-пікіріне құлақ ассақ.
Dalanews.kz ақпарат агенттігі:
– Қазір жастарды кәсіпкерлікке баулудың мәні зор екенін бәріміз түсінеміз. Сіздердің ойларыңызша, елімізде жастарға арналған Кәсіпкерлік әліппесі қалыптасты ма? Жалпы, жастарға шағын және орта бизнестің қыры мен сырын үйрету үшін не істеуіміз керек?
Райхан БЕКАЙДАРОВА, оқытушы:
– Кеңес заманында мектептің жоғары сынып оқушылары «Қоғамтану» деген пәнді оқитын. Сол пән жастардың қоғамдық өмірге бейімделуіне көп септігін тигізуші еді. Қазіргі қоғам нарықтық экономиканың құндылықтарын ту етіп көтеріп отырғаны белгілі. Сондықтан жастардың бойына бизнестің қыры мен сырын жастайынан сіңірудің маңызы зор деп есептеймін. Саналы ғұмыры кеңес заманында өткен менің қатарластарым «біздің қолымыздан бизнес келмейді» деп кәсіпкерлікпен айналысуға құлықсыздық танытады.
Қазіргі таңда жастарды былай қойып, жалпы халық арасында кәсіпкерлікті насихаттау ісі кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Сол себепті Қазақстанда кәсіпкерлік әліппесі қалыптасты деп айта алмаймын.
Меніңше, жастар кәсіпкерліктің қыры мен сырын үйренуге баса мән беруі тиіс. Соңғы уақытта осы мәселе жайында көп ойланып жүрген жайым бар. Осыдан біршама уақыт бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастырған онлайн-семинарына қатысып, көкейде жүрген сұрағыма жауап алуға тырыстым.
Бірақ семинар барысында «Даму» қорының мамандары шағын және орта бизнестің қазанында қайнап жүрген, кәнігі кәсіпкерлердің арасында семинар өткізеді екен. Мұның жастар үшін тиімсіз екенін түсіндім. Қазір еліміздегі кәсіпкерлік саланы дамыту ісінің негізгі бағыттары «Даму» қорына жүктеліп отыр. Сондықтан қор қызметкерлері кәсіпкерлік әліппесін қалыптастыруға белсене атсалысып, жалпы халыққа арнап қазақ тілінде оқулық дайындауы керек. Бұған «Даму» қорының толық мүмкіншілігі бар.
Оқулық жазу ісіне шағын және орта бизнестің түрлі салаларында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен заңгерлерді және жоғары оқу орындарында кәсіпкерлік бойынша тәлім беріп жүрген мамандарды тартқан жөн деп есептеймін.
Тимур НАЗХАНОВ, экономист-сарапшы:
– Жастарға шағын және орта бизнестің заңдылықтары мен жолын үйрету сөз жоқ өзекті мәселе. Алдағы уақытта кәсіпкерліктің негізін үйрететін оқулық жазу ісі қолға алынып жатса, оған бәріміз атсалысуға дайынбыз. Біздер өмірден көріп, көңілге түйген жайттарды жастармен бөлісудің маңызы зор.
Райхан ханым мұндай оқулық жазу ісін «Даму» қорына тапсыру керек» деп өзінің ойын айтты. Қазіргі таңда еліміздегі бизнес қауымдастықтар шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау жайында сөз қозғағанда «Даму» қорының мамандарымен түрлі пікір қайшылығына баратыны белгілі. Сондықтан қазір «Даму» қорының басында отырған шенеуніктер жастарға кәсіпкерлік қатынастарды үйрететін оқулық жазып береді дегенге өз басым сенбеймін.
Осы ретте біздер мына бір жайтты түсініп алуымыз керек сияқты. Егер біздер орта мектептің жоғары сыныбында тәлім алып жүрген жастар үшін Кәсіпкерлік әліппесін қалыптастыруды шындап қолға алсақ, онда тек шағын кәсіпкерлікке қатысты сөз қозғауымыз керек. Оқулық шағын кәсіпкерлікті ашуда қандай құжаттар жасау қажет, оған салынатын салықтардың көлемі қандай және несиені қалай алуға болады деген сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Тағы да мемлекет бизнеспен айналысуға талпынған азаматтарға қандай қолдау көрсететіні жайында толық мәлімет берудің маңызы зор деп ойлаймын.
Нұржан ҚАЛИЕВ, кәсіпкер:
– Қазақ жастары кәсіпкерлікпен айналысуға өте қабілетті. Тек олардың бойындағы қабілетті ашу қажет. Әрине, бұл бағытта біздер жастардың арасында кәсіпкерлікті кеңінен насихаттап, Кәсіпкерлік әліппесін қалыптастыруға барынша күш салуымыз қажет. Қазір ауылда мектеп бітіргеннен кейін әлеуметтік жағдайына байланысты жоғары оқу орындарына түсе алмаған соң, қолындағы малын өсіріп, жерін кеңейтіп, шаруашылықпен айналысады.
Өз басым олардың бұл әрекеті үлкен кәсіпкерліктің басы деп есептеймін. Мұндай талапты жастарға мемлекет қолдау көрсетуі керек. Олар алдарына салып айдап жүрген он қойы 200-ге жеткенде түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келетіні жасырын емес. 200 қойға жепшөп дайындау, қойдың етін тиімді бағаға өткізу үлкен мәселе.
Мал болған соң олар түрлі ауруларға ұшырайтыны белгілі. Осының бәрін алдын алып, кәсіпті мәнді ету үшін білім керек. Яғни мыңғыртып мал айдағың келсе, міндетті түрде мал дәрігері мамандығын меңгеруің керек. Ал жермен айналысқан адам агрономдық мамандықты игергені жөн.
Бүгінде оқудан қалып мал өсіріп, жер тырмалап табыс тауып жүрген жастар мал дәрігері, агроном мамандығын меңгеруі үшін бәрін тастап, ірі қалаларға оқу оқуға кетіп қалмайтыны белгілі. Төрт-бес жыл бойы оқысаң, кәсібіңді тастауға тура келеді. Мұндай кезде қайтпек керек?
Меніңше, бұл сұрақ үлкен мәселе болып тұрғандай. Бірақ сырттай білім алғандардың жайы белгілі. Аузың қайсы десең, мұрнын көрсетеді. Кәсібін ары қарай дамыту үшін білімін жетілдіруді мақсат тұтқан жастар үшін сырттай оқу тығырықтан шығар жол емес. Пандемия кезінде онлайн оқудың дәурені жүрді. Меніңше, ауылда шаруашылықпен айналысып жүрген жастар үшін онлайн-оқулар ұйымдастырудың маңызы зор деп есептеймін.
Әңгіме арасында Тимур мырза кәсіпкерлік әліппесін қалыптастыруда салық пен кәсіпкерлік заңдарына қатысты мәселелер міндетті түрде енуі керек деп айтты. Бұл өте орынды ұсыныс. Меніңше, Кәсіпкерлік әліппесінде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жайттарды қамтыған жөн. Қазіргі таңда еліміздегі барлық аудандарда ауыл шаруашылығы бөлімдері жұмыс істейді. Мал өсіріп, егін егіп, ауылдың әл-ауқатын көтеруге атсалысып жүрген жастарға ауыл шаруашылығы бөлімдеріндегі мамандарды жауапты қылу керек.
Dalanews.kz ақпарат агенттігі:
– Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктердің жарнамасына елігіп, несие алып, төлей алмай жүрген жастар көп. Жастардың қаржылық сауаттылығын көтерудің маңызы қаншалықты?
Тимур НАЗХАНОВ, экономист-сарапшы:
– Бұл өте шетін мәселе. Қазіргі көптеген жастар пайыздық үстемесі жоғары несиелерге ұрынып, шақшадай басы шарадай болып жүргені жасырын емес. Жастарды былай қойып, ересектердің несие алып, той жасағанын көргенде жастарға бәлен-түген деп ақыл айтуға аузың бармайды. Қайта пандемия кезінде той-томалаққа тосқауыл қойылып, той деген біразға дейін тоқтап тұрды.
Жастар екінші деңгейлі банктердің несиесіне әбден ескірген көлікті сатып алып, вокзал мен кафелерді торуылдап, таксишілікті кәсіп етеді. Қарапайым экономикалық білімі болмаған соң, жастар осындай келеңсіз жайттарға жиі ұрынады.
Біздер жастарға мектеп жасынан бастап коммерциялық банктерден несиені қалай алуға болатынын, олардың шарттарын жете түсіндіруіміз керек. Пайыздық үстемесі жоғары несие алған жастар қазір күндіз-түні жұмыс істеп, бар тапқан-таянғанын банктерге апарып беріп жатыр. Осының кесірінен пайдалы іспен айналыса алмай, не болмаса отбасын құра алмай жүргені жасырын емес.
Нұржан ҚАЛИЕВ, кәсіпкер:
– Жастардың қаржылық сауаттылығын жетілдірудің маңызы зор. Қазіргі таңда мақсатсыз несие алып, коммерциялық банктерді байытып жатқан адамдар жүз мыңдап саналады.
Меніңше, мектеп қабырғасынан бастап, жастарға несие жайындағы ұғым-түсінікті саналарына сіңірген жөн. Бұл ретте сайт оқырмандары несие деген мүлде қажетсіз дүние екен деп ойлап қалмасын. Бұл жерде әңгіме жастардың несиенің тиімділігі мен пайыздық үстемесін дұрыс есептеуге қатысты болып тұр.
Кәсіпкерлікпен айналысқан жас өрендер несие алу мәселесінен бөлек шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттің бөліп жатқан қаржылай қолдаулары мен салықтық жеңілдіктерді пайдалану жағын да жетік білуі шарт.
Айталық, бүгінде ауылды жерде салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар ұсынып отырғаны белгілі. Шаруашылығын өрістетуге ден қойған кез келген жас осы жеңілдікті пайдалануы шарт.