Атыраудағы қанды оқиға: бір отбасының өліміне қатысты тергеу аяқталды

Атыраудағы қанды оқиға: бір отбасының өліміне қатысты тергеу аяқталды
ашық дереккөзден

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, іс бойынша негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев өз кінәсін мойындаған. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторында сот процесін күтіп отыр.

"Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, күдіктіге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бабы бойынша айып тағылған.

Сонымен қатар тергеу барысында қаза тапқан отбасының малын сату және олардың банк карталарындағы қаражатты иемдену фактілері де қарастырылып жатыр.

Прокуратура барлық тергеу әрекеттері толық аяқталғанын, енді іс материалдарының жақын күндері сотқа жолданатынын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, сот отырысы осы айда басталуы мүмкін.

Сонымен бірге ведомство кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған "күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр" деген ақпараттың прокуратура тарапынан таратылмағанын нақтылады.