Ресейде қысқы климат режимі қолайсыз болып, күздік егін жоспарланғандай бітік көтерілмеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соның салдарынан, Ресей астық бойынша осыдан екі жыл бұрынғы рекордтарын жаңарта алмайды. Сонда биыл солтүстік көрші болжам бойынша 80 миллион тонна астық өндіріп, оның тең жарьтысын ішкі тұтынуға алып қалады. Демек, ол артылып қалған астығын сатып жүрген нарықтардан кетуі тиіс.
«Соңғы екі жылда ресейлік экспортерлер біздің дәстүрлі нарыққа кіріп, демпинг жасап жүрген болатын. Соның салдарынан фермерлеріміз өздері жоспарлаған пайдадан анағұрлым аз тауып жүрді. Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Орталық Азия елдері біз астық сататын нарық болып саналады. Биыл Ресей бұл нарықтарға демпингпен кірмейді деп ойлап отырмыз», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Сәйкесінше, Қазақстан астық экпортынан былтырға қарағанда көбірек кіріс алуы мүмкін. Биыл отандық бидай өндірісі өткен жылдармен бір деңгейде сақталады деп болжануда. Шамамен біз 18,58 миллион тонна астықты орып алуды жоспарлан отырмыз. Оның 10 миллион тоннасы экспортқа, 8,5 миллион тоннасы ішкі нарыққа бағытталуы тиіс.
«Бидай көлемін азайтпасақ та, біздегі ұн шаруашылығы тұралап тұр. Шет мемлекеттер бізден ұн алғысы келмейді. Олар бізден бидайды шикізат ретінде алып, өздері диірменге тартып, баға қосып ұн қылып сатуда», - дейді, дереккөз.
Бұл проблеманы мемлекет шеше алмай қойды. Басқа мемлекеттерді «бізден бидай алма, ұн ал» деп мәжбүрлей алмағандықтан, былтырдан бастап еліміздегі бірнеше диірмен жұмысын тоқтатты. Ондағы құрылғылар жұмыссыз тұра берсе, шіри бастауы ықтимал.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қазір Қазақстандағы қоймаларда сақталып жатқан бидай қоры 3,45 миллион тоннаны құрайды.