Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары NASA және National Space Society ұйымдастырған Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауында бірінші және екінші орындарды иеленіп, әлемдік аренада ел абыройын асқақтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Биыл бұл байқауға әлемнің 25 елінен 26 000-нан астам оқушы қатысып, болашақтағы ғарыш мекендерінің прототиптерін ұсынды. Зияткерлік мектептің екі командасы ғылыми-фантастикалық және инженерлік негізде жасалған жобаларымен үздік деп танылды.
Бірінші орынды жеңіп алған YURT жобасы – Юпитер орбитасында орналасатын, 20–30 мыңадамға арналған автономды ғарыш станциясы. Жоба жасанды гравитациямен және тіршілік үшін қажетті инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Станция құрамына Tulpar және Qyran атты жүк кемелері, Yu-1 және Yu-2 қосалқы модульдері, сондай-ақ флора мен фауна тіршілігіне арналған агросекторлар мен бірнеше жасанды экожүйе кіреді. Жобаны Анастасия Цой, Юлия Ким, Камила Ертісқызы және Ілияс Даулет дайындады.
Ал екінші орынды иеленген Икарус жобасы – Юпитердің ең үлкен серігі Ганимедтің орбитасында орналасатын, 45 000 адамға арналған заманауи ғарыш станциясы. Жоба станцияны радиациядан табиғи жолмен қорғауды, жел турбиналары мен биореакторлар арқылы энергия өндіруді, сондай-ақ аэропоника мен хлорелла арқылы автономды тіршілік жүйесін қамтамасыз етуді көздейді.
Жобаны дайындаған оқушылар – Асан Табылды, Арман Темірбулатов, Сабыржан Інкәрбек, Томирис Құзбакова, Мұхидин Жапаров, Бағдәулет Әлішер, Уәли Берік, Айсұлу Нұрсұлтан, Арлан Таиров және Бақыт Аслан. Жобаның жетекшілігін 12-сынып оқушысы Әділ Сандықбаев атқарды.
"2022 жылы Space Settlement Contest байқауына алғашқы жобамызды дайындаған кезде, біз үшін жол көрсететін дайын тәжірибе де, табысты кейс те, қауымдастық та болған жоқ. Біз бірінші болып жол салдық, тәуекелге бардық. Сол жылы біз байқаудағы тұңғыш қазақстандық жеңімпаз атанып, бірден бірінші орынды жеңіп алдық", – деп есіне алды Әділ Сандықбаев.
Әділ – Қазақстанда зымыран жасау мен ғарыштық инженерияға алғаш болып қызығушылық танытқан оқушының бірі. Ол бұл саланы таңдау арқылы тек өз болашағына ғана емес, тұтас бір ұрпақтың бағытына әсер етуді мақсат еткен. Биыл оның жолын жалғаған жаңа команда да жеңіске жетіп отыр.
"Байқауға қатысушылардың деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан мұндай нәтижелердің мәні ерекше. Біз тек білім мен тәжірибе беріп қоймай, олардың өзіне деген сенімін де арттыра алдық деп ойлаймын. Бұл бастаманың жалғасарына сенемін. Олар тек мектеп ішінде емес, елімізде де аэрокосмос саласын дамытуға үлес қосады", – дейді Әділ.
Айта кетейік, Space Settlement Contest – атақты америкалық физик Джерард О'Ниллдің бастамасымен ұйымдастырылатын мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы халықаралық байқау. Қатысушылар физика, биология, технология, архитектура және экология салаларындағы білімдерін пайдалана отырып, болашақтағы ғарыштық қоныстардың үлгілерін жасайды.