Аталған заң негізінен Төтенше жағдайлар жөніндегі орталықты құру мен жұмыс істеуі және Қазақстан Республикасының аумағында дүлей зілзалалар қаупін азайту мәселелерін көздейді.
Жиында сөз алған сенатор Бибігүл Жексенбай, қазіргі кезеңде төтенше жағдайлардың алдын-алу және оның қаупін азайту өте өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанын атап өтті.
"Себебі, соңғы жылдары елімізде тіркелген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың жиілеуі осы саладағы кем-кетіктерімізді көрсетіп берді. Тиісінше, біз осы бағытта жүйелі түрде жұмыстарды жүзеге асыруға тиіспіз", – деді ол.
Оның мәлім еткеніндей еліміздегі, тіпті Орталық Азиядағы төтенше жағдай қызметінің кәсіби құтқарушыларын әзірлейтін бірден-бір оқу орны - ҚР ТЖМ М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы 26 жылдан бері кәсіби құтқарушыларды даярлап келеді. Бірақ, академияның қазіргі жағдайы мүшкіл, академия заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген.
Президент Тоқаев ақпан айындағы сапары барысында Академияның жаңа кешенінің құрылысын бастап, 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған болатын.
"Осы жылдың наурыз айында Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің мүшелері де Ақмола облысына барып, академияның оқу үдерісі, техникалық базаларымен танысып, мәселелердің көптігіне көз жеткіздік. Жатын орны мен ішер асының да сапасы сын көтермейді. Асхана орналасқан ғимарат апатты жағдайда болғандықтан, курсанттар ақпан айынан бері қашықтықтан оқып жатыр. Құтқарушыларды айлап онлайн оқыту деген ойға қонымсыз", - деген Бибігүл Жексенбай осы ретте премьер Смайыловқа депутаттық сауал жолдады
Депутаттық сауалда:
Мемлекет басшысының Академияның жаңа кешенін (оқу-зертханалық, спорттық корпустар, асхана, жатақхана және т.б.) салу жөніндегі тапсырмасын уақтылы орындау үшін барлық ведомствоаралық рәсімдерді жедел жүргізе отырып, республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қамтамасыз ету керек;
осы саладағы кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың үздіксіз процесін қамтамасыз ету;
- академияның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуді жүзеге асыруға, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келетін жабдықтар мен зертханаларды сатып алуға қаражат бөлу;
- академияның профессорлық-оқытушылық құрамының ақшалай қаражаты мөлшеріндегі теңсіздікті қарастыру және жою;
- оқу процесіне шетелдік ғалымдар мен жетекші мамандарды тарту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) орындауға нысаналы гранттар бөлу, мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру мүмкіндігін қарастыру қажеттілігін атап өтілген.
"Құтқарушыларды тек төтенше жағдайда емес, ай күннің аманында назарға алып, жағдайын жасау - парызымыз", – дейді сенатор.