Астанадағы Dent-Park жеке клиникасында 3 жасар қыз тісін емдеу кезінде анестезиядан кейін оянбай, көз жұмды. Оқиға 2024 жылдың 30 қазанында болған. Қазір бұл факті бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Azattyq Ryhy-на сілтеме жасап.
Қаралы отбасының айтуынша, клиника мамандары бір процедурада баланың 20 тісінің 18-ін емдеуге тырысқан. Бұл — медициналық стандартқа қайшы шешім.
Марқұмның әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, қыздың тісі Севоран препараты арқылы жалпы анестезиямен емделген.
«Алдыңғы процедура да 3,5 сағаттан ұзаққа созылған еді, қызым анестезиядан кейін есін жимады. Ол кезде де күмән болды. Кейін Фармацевтикалық бақылау елеулі бұзушылықтарды анықтады», – дейді Құмаров.
Ата-ананың айтуынша, седация таңғы 09:10-да басталған. 14:00 шамасында баланың әкесіне әйелі хабарласып, қыздың оянбай жатқанын айтқан. Жедел жәрдем шақырылып, 40–45 минут реанимациялық шаралар жасалғанымен, бүлдіршін қайтыс болған. Дәрігерлер баланың жүрегі тоқтап, миы ісінгенін жеткізген.
Отбасының адвокаты Руслан Айтжановтың сөзінше, клиникада медициналық стандарттар сақталмаған.
«Егер дәрігерлер барлық тісті бірден емдеуге тырыспаса, бала аман қалуы мүмкін еді. Екі сараптама — сапаны бақылау департаменті мен кешенді сот сараптамасы — анестезиолог пен стоматологтың кінәсін көрсеткен», – дейді адвокат.
Алайда іс бойынша тек анестезиолог қана тергелген. Процедураға қатысқан стоматолог әлі де клиникада жұмыс істейді.
Клиника директоры Надежда Хон анестезиологтың оқиғадан кейін жұмыстан кеткенін растады. Алайда стоматолог өз қызметін жалғастырып жатыр.
«Біз анестезия маманын жұмыстан шығардық. Сараптама қорытындысын күтеміз», – деді клиника басшысы.
Ал сотта болған анестезиолог Жұмағалиева журналистерге түсініктеме беруден бас тартты.
Тергеу барысында келесі фактілер белгілі болған:
-
Анестезиолог соңғы рет 2019 жылы біліктілігін арттырған және балалар анестезиологиясында талап етілетін 7 жылдық тәжірибесі жоқ;
-
Клиникада мерзімі өткен немесе сертификаты жоқ дәрілер сақталған;
-
Дәрігерлер балаларда ұзақ седация кезінде медициналық стандарттарды өрескел бұзған.
Жәбірленуші тарап жеке клиникалардағы ұзақ анестезия қолдану тәжірибесін қайта қарауды, ал кішкентай балалардың тісін бір уақытта толық емдеу практикасын тоқтатуды сұрайды.
Анестезиологтың адвокаты сотқа келе алмағандықтан, іс келесі отырысқа шегерілді.
