Тоқаев Әзербайжанға Армениямен тікелей саудаға жол ашқаны үшін алғыс білдірді

Ақтоты Жапатова 21 қар. 2025 20:39

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян ресми кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері басты назарда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армениямен тікелей сауда жүргізуге мүмкіндік берген шешімі үшін Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Оның сөзінше, биыл қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Президент бұл қадамның саяси әрі экономикалық тұрғыдан маңызды бастама екенін атап өтті.

– «Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты жеткізуге дайынбыз. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуге уағдаластық», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу, жүк тасымалын ретке келтіру мәселелері талқыланды. Президенттің айтуынша, бұл қадамдар Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.

Келіссөздер екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге, логистикалық мүмкіндіктерді арттыруға бағытталған өзара түсіністікпен өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар