Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазТАГ-қа сілтеп.
Дереккөздің айтуынша, Есполов екі күн бұрын Астанада Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері және ҰҚК-мен бірлескен шара барысында қолға түскен.
Айдос Есполов – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Құрманбаеваның туған ағасы. Ол «Еуразиялық технологиялық университеті» мен «Alatau Asset Management Company» компаниясының құрылтайшыларының бірі ретінде танылған.
Еске салайық, 2025 жылдың сәуір айының соңында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы қаржы жымқыру ісіне қатысты мәселе көтерген еді.
Ол кезде компанияның бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Омаров берген мәліметтер жарияланып, Есполовтың кеңесші қызметін атқарған кезінде пара алғаны айтылған. Алайда ол істің ресми фигуранттары қатарында «анықталмаған тұлға» ретінде ғана көрсетілген.
