Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әйелдер де, ерлер де зардап шегуі мүмкін, бірақ, әдеттегідей ең осал адамдар тобына әлі де әйелдер жатады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі біздің елімізде ғана емес, өмір сүру сапасына қарамастан бүкіл әлем үшін де өзекті болып тұр. Қазақстанда әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық күн сайын жасалып жатыр. Бұған құзырлы органдардың күн сайын жариялап жататын деректері дәлел бола алады, өзіміздің де куә болған кездеріміз аз емес. Жүздеген отандастарымыз жақындарының қолынан өз үйлерінде қаза табады. Бұрымдылардың шарасыздықтан адам өлтіріп, темір торға қамалғандары да жетерлік. Сондай-ақ, статистика Қазақстанда соңғы бес жылда әйелдерге қарсы жасалған ауыр қылмыстардың саны 153 пайызға, отбасы мен тұрмыстық салада 2,3 есеге өскенін айғақтайды.
«Кем дегенде 160 елде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң бар, ал 144 елде жұмыс орнындағы жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң қолданыста. Дегенмен, осындай құжаттар бола тұра, бұл олардың әрқашан халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес келетінін немесе олардың қатаң түрде орындалатынын білдірмейді», - деп көрсетілген БҰҰ-ның әйелдерге қатысты есебінде.
Сонымен қатар, Қазақстанда әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеретін, митингтерге, шерулерге, ереуілдерге шығатын әйелдердің саны артып келеді. Бұл ретте азаматтық қоғам ұйымдарының, жекелеген мүдделі белсенділердің, бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөл атқаратыны атап өткен жөн.
Сондай-ақ, БҰҰ Әйелдер ұйымы отбасындағы зорлық-зомбылық түрлерін де сипаттайды. Өйткені, бұл тек физикалық күш қолданумен ғана шектелмейді, серіктеске әлімжеттік таныту арқылы ауыртпалық келтіруді немесе соған әрекет етуді, медициналық көмек көрсетуден бас тартуды немесе алкогольді және есірткі қолдануға мәжбүрлеуді қамтиды. Мысалы, экономикалық қиянат қаржылық ресурстарды толық бақылау, ақшаға қол жеткізуден айыру және мектепке немесе жұмысқа баруға тыйым салу арқылы қаржылық тәуелділікті тудыру немесе құру шараларын білдіреді.
Психологиялық зорлық-зомбылық қорқыту арқылы мәжбүрлеуден байқалады. Эмоционалдық зорлық-зомбылық адамның өзін-өзі бағалауын үнемі сынау арқылы төмендетуді қамтиды. Мұның салдарынан жәбірленушінің қабілеттері төмендейді; ауызша қорлық сөздерге көнбістік танытады; серіктестің балалармен қарым-қатынасына зиян келтіреді; достарымен және отбасымен кездесуде кедергілерге тап болады.
Халықаралық ұйымның сарапшылары әйелге қандай белгілер қауіп төніп тұрғанын білдіретінін атап өткен. Агрессор жәбірленушінің әрбір әрекетін басқарады. Қай жерде және кіммен жүргенін үнемі қадағалап отырады. Достармен және туыстармен қарым-қатынасына қарсы тұрады, жұмысқа немесе мектепке баруына кедергі келтіреді. Сонымен қатар зорлық көрсетуші өзінің хабарламаларына, электрондық пошталарына және қоңырауларына дереу жауап беруін талап етеді.
Қиянатшы қызғаныш көріністерін ұйымдастырады және серігін үнемі сатқындықпен айыптайды. Сонымен қатар оған қатысты кез келген шешімді қабылдауға тырысады, не жейтінін, қандай киім киетінін, тіпті дәрі-дәрмектерді немесе контрацептивтерді қалай қабылдағанын бақылайды. Мұның барлығы қорлауға мүмкіндік береді. Сыртқы түрін, қызығушылықтарын немесе интеллект деңгейін келемеждеп, ренжітеді. Серігін басқа адамдардың алдында масқаралауға, мүлкіне зиян келтіруге және қымбат дүниелерін жоюға тырысуы мүмкін.
Отбасылық тиран тез ашуланып, агрессияға беріледі, оның ашуына не себеп болуы мүмкін екенін болжау ешқашан мүмкін емес. Ол өзінің ашуланғаны үшін серігін кінәлауы мүмкін. Ол сексуалдық зорлық-зомбылыққа, соның ішінде басқа да жәбірлеу, қорлау әрекеттеріне бейім оларды қолдануға әрдайым дайын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жақын адамдардың қорқынышынан зардап шеккендерге ұсыныстарын да әзірлеген. Мәселен, сенімді досыңызбен, жанұяңызбен немесе көршіңізбен мұңыңызды бөлісіңіз. Көмек қажет болған жағдайда бірге әрекет ету жоспарын жасаңыз. Қауіпсіз байланысуға көмектесу үшін құпия кодты немесе бірнеше кодтық сөздерді, сөйлемдерді немесе эмодзилерді ойлап табуға болады. Дәріханаға немесе азық-түлік дүкеніне бару керек деген сылтаумен де қашу стратегиясын әзірлеуге, сол жерде телефонмен көмек сұрауға мүмкіндік бар. Күннің әртүрлі уақытында үйден шығудың бірнеше дәлелді себептерін ойласытыр қойған жөн. Әрқашан қуаты толық телефонды қолыңызда болғаны дұрыс.
Статистикаға сүйенсек, әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдердің 40 пайызға жуығы кез келген көмекке жүгінеді. Көп жағдайда отбасы мүшелерінің, достарының, сирек жағдайда ресми мекемелердің арашалап алуын сұрайды. 10 пайыздан азы полицияға арызданады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты статистикасы ресми деректерден әлдеқайда жоғары», - дейді мамандар.
«Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды қолдаймыз. Дегенмен, қоғам өзгермесе, ең қатал заңның өзі орындалмайтынын түсіну керек. Кез келген нысандағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсету және жақын жерде біреудің басына қиындық түссе, үнсіз қалмау керек. Біз сонда ғана гендерлік зорлық-зомбылықты жоя аламыз», - деп жазады БҰҰ-ның Әйелдер кеңесі.
Қазақстандық феминистік қозғалыстың белсендісі, FemAgora феминистік қорының негізін қалаушылардың бірі Фариза Оспан да отбасындағы зорлық-зомбылықты басынан өткерген, сондықтан ол бұл проблеманы жақсы түсінеді әрі жан-тәнімен сезінеді.
«Зорлық-зомбылық барлық жерде бар, ол әр елде болуы мүмкін, бұл менталитетке емес, жүйеге қатысты. Көбінесе агрессор полицияның жәбірленушіге сенбеуі мүмкін екенін біледі», – дейді Ф.Оспан.
Оның пайымынша, көп нәрсе полиция қызметкерлеріне де байланысты. Мысалы, олар қазіргі уақытта әйелдерге көмектесуге, өз жұмысын орындауға немесе ауысымында халыққа қызмет етуге мүдделі ме? Әлде, мүмкіндігінше аз қозғалуды мақсат тұта ма? Мүмкін, әйелге жанашырлық танытпайтын шыған, мұны отбасылық мәселе деп қарайтын болар. Өйткені, әйел сұрақтарға жауап беру кезінде, күйеуінің алдында амалсыз, қорыққанынан өтірік айтуы да ғажап емес. Немесе полицияның көмектесетініне сенбеуі немесе агрессордың сол құқық қорғау органдарында байланысы болуы мүмкінмұндай жағдайда да жәбірленуші шындықты жайып салуы екіталай. Бұл орайда, осы тақырып төңірегінде полицияны да арнайы оқытудың маңызы зор.
Фариза Оспан дағдарыс орталықтарымен жан-жақты жұмыс істеу, оларға қаржылық және ақпараттық қолдау көрсету, полиция қызметкерлерін оқыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң әзірлеу, мәселені түрлі дереккөздерде көрсету уақыт күттірмейтін шаруалар екеніне сенімді.
Белсенді тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді декларативтіліктен әшкерелеу сипатына көшіру жоспары туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, агрессорды психологпен жұмыс істеуге мәжбүрлеу өте маңызды. Агрессиямен байланысты проблемалар туындаған жағдайда, зорлық-зомбылық жасайтын адамға психологиялық терапияның міндетті өтуін тағайындау қажет. Бірақ сонда да агрессия мәселесі тез жойылмайды. Терапиядан өтуді қажет етеді, сонда ғана ол қателіктерін түсінетін болады. Соның өзінде жауапты өкілдер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген отбасындағы жағдайды қадағалап, әйеліен, балаларымен, көршілерімен байланыста болғаны абзал.
Психолог Салтанат Мәусейітова да елдегі әр отбасындағы зорлықшыл жандар мамандардың көмегіне мұқтаж деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда, агрессорлар көбінесе өз эмоцияларын басқаруды білмейді, қақтығысты дұрыс деп санайды. Ал психолог онымен жұмыс істегенде, сезімдеріне төтеп бере алуы тиіс. Психологтар ондай азаматтармен жұмыс істегенде бала кезіндегі ситуацияларға назар аударуы керек, жас кезінде өмірінде зорлық-зомбылық болған-болмағанын, оның қандай болғанын анықтағаны жөн. Осының өзі нақты диагноз қоюға септеседі. Кейде агрессияның себебі әлеуметтік проблемалар, таңылған және дұрыс түсіндірілмеген діни сенімдер болуы мүмкін. Көбінесе бұзақылардың өздері балалық шағында қорлық көрген болып шығады.
Фариза Оспанның айтуынша, Қазақстандағы қоғам әлдеқайда патриархалдық санатқа жатады. Сонымен қатар, бұл салада шешім қабылдай алатын әйелдер жиі кездеспейді, ал биліктегі ер адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың не екенін жәбірленуші тұрғысынан түсінуі екіталай.
Салтанат Мәусейітова зорлық-зомбылықтың ең қиын түрі психологиялық екенін, өйткені ол өте жасырын түрде: сын, пассивті агрессия, елемеу, орынсыз әзіл-қалжың, содан кейін оның бәрі қорлауға, одан кейін физикалық күш көрсетуге ұласатынын атап өтті. Көбінесе зорлық-зомбылықтың психологиялық түрі басқа түрлерімен бірге жүреді.
Неліктен әйелдер өзін зорлаушылардың қасында қала беруді қалайды? Егер отбасындағы әйел қандай да бір зорлық-зомбылық көрген болса, онда ол бұған шыдамдылық танытады және көмек сұрау сәтін жиі кейінге қалдырады. Иә, қоғам да, туыстары да мұны қалыпты жағдай деп белгі береді. Егер бұл классикалық агрессор болса, онда ол әйелді алдымен отбасынан, содан кейін достарынан, жұмыстан алшақтатады. Бұл әйелдің жалғыз байланысы – күйеуі болып қалады, ол оны үнемі ешкіммен араласпауға итермелейді. Уақыт өте келе әйел бұл өзінің бойындағы проблема емес екеніне сене бастайды, сондықтан ол кетпейді. Агрессор да оның қасында қалуы үшін бәрін жасайды.
Кейде тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алады, әйел ренжиді, үйден дағдарыс орталықтарына, туыстарына кетіп тынады. Бірақ көп ұзамай бітімгершілік кезеңі басталады.
Бұл орайдағы тағы бір мәселе – қажетті заңдардың жоқтығы: тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылық санатында ғана, сондықтан әйел бұл үшін тиран ерінің жазаланбайтынын түсінеді.
«Дағдарыс орталықтары өте көп. Онда әлеуметтік қызметтің сегіз түрі бар: заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, яғни барлық өтініштерге көмектесетін мамандар. Сондай-ақ олар балаларды мектепке орналастыруға көмектеседі, балабақшалармен меморандумдар бар, зардап шегуші әйелді жұмысқа орналастырады, егер ол жұмысқа орналаспаса, қысқа мерзімді курстарда оқуға мүмкіндік беріледі. Ол жерде алты айға дейін тұруға, жұмыс тауып, қосымша табыс табуға құқығы бар, осы уақыт аралығында әйелдер көбіне кетіп қалады, бірақ кейбіреулері қайтып келеді», – дейді Салтанат Мәусейітова.
Егер зорлық-зомбылық құрбаны туыстарынан, қоғамнан, полициядан, соттан көмек ала алмаса, онда тіпті қорқынышты болуы мүмкін. Өйткені, ол да қылмыс жасауға қабілетті адамға айналады.
«Әйелдер төзімнің шегіне жеткенде зәбір көрсетушіні өлтіріп тынады. Себебі, ол осы отбасынан шыға алмайтынына көзі жеткен, агрессор оны қайдан болса да тауып алады, тіпті, өміріне, балаларына зиян келтіруі мүмкін. Ал мұндай жағдайда бұрымдылар нәзік болса да, ештеңеден тайынбайды», - деп түсіндірді Салтанат Мәусейітова.
Бұл өзін-өзі қорғау үшін жасалған кісі өлтіру болуы мүмкін немесе бұл жоспарланған кісі өлтіру болуы мүмкін екенін түсіндірді. Бірақ екі жағдайда да қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғаудың жұмыс істейтін жүйесі құрылса, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Жамбыл облысында «Тіршілік» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері ішкі істер органдарында «күзет тәртібі», «ерекше талаптар» санаттары бойынша есепте тұрған тұрғындармен әңгімелесуге ерекше көңіл бөлетінін атап өткен жөн. Бұл санаттарда маскүнем, нашақор, дұрыс емес отбасылар да бар. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері азаматтарға құқық бұзушылық үшін қандай жазалар қауіп төндіретінін жан-жақты әңгімелеп береді. Өздеріне қатысты қорғау нұсқамасы немесе арнайы талап шығарылған азаматтардың белгіленген шектеулерді сақтауы тексеріледі.
Міне, осындай жүйе, ең болмағанда еліміздің барлық аймағында өз деңгейінде жүргізілуі тиіс. Бұл көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алады.
Анар Сабырова