Әлеуметтік желілерде мектеп дәлізінде оқушылардың топтасып тұрғаны бейнеленген видео тарады. Аталған жағдай Ақтау қаласындағы №11 лицейде болғаны анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маңғыстау облысының білім басқармасының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 23 ақпанда тіркелген. Сол күні екінші ауысымда білім алып жатқан оқушылардың алтыншы сабағы аяқталған соң, олар жаппай гардеробқа барған. Соның салдарынан дәлізде шамамен үш минутқа созылған уақытша кептеліс орын алған.
Білім басқармасы бұл сәтте мектеп тарапынан бақылау ұйымдастырылғанын атап өтті.
"Осы уақытта кезекші мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі тарапынан бақылау жүргізілді", - делінген ресми хабарламада.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде құқықбұзушылықтар анықталмаған. Ең бастысы, құзырлы орган оқушылардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбегенін мәлімдеді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, жағдай толық бақылауда болған.
Сонымен қатар мектеп әкімшілігіне қауіпсіздік талаптарын күшейту жөнінде тапсырма берілді. Қазіргі уақытта білім ордасында оқу процесі қалыпты режимде жалғасып жатыр. Мәселе білім бөлімінің бақылауында екені де хабарланды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында осындай жағдай тіркеліп, оның салдарынан мектеп директоры қызметінен босатылған еді.
Маңғыстау облысының білім басқармасы тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырып, жалған әрі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуді сұрады.
