Педагогтерді артық есеп пен орынсыз жауапкершіліктен қорғауға бағытталған заң жобасы Мәжілістің профильді комитеттеріне енгізілді. Құжат педагог мәртебесіне, білім беру мәселелеріне және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл заңға бастамашылар – депутаттар Асхат Аймағамбетов пен Құдайберген Бексұлтанов,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау бұл бастама қоғамда жиырма жылға жуық талқыланып келе жатқан жүйелі мәселенің жалғасы екенін атап өтті. 2007 жылы "Білім туралы" заң аясында алғашқы құқықтық негіз қаланса, 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" дербес заң қабылданып, мұғалімдерді басқа жұмысқа тартуға тыйым салу, жалақыны арттыру және әлеуметтік кепілдіктер бекітілген еді.
"Қазір мұғалімдер есеппен артық жүктеліп, түрлі онлайн платформаларда міндетті тіркеуден өтуге мәжбүр. Сонымен қатар, кәсіби міндетіне жатпайтын функцияларға тарту деректері бар. Заң жобасы осы олқылықтарды жоюға бағытталған. Енді педагог тек өзінің кәсіби қызметі шеңберінде болған жағдайлар үшін жауап береді. Оқу процесінен тыс оқиғалар ата-ана мен заңды өкілдердің жауапкершілігінде болуға тиіс", – деді Нұргүл Тау.
Сондай-ақ, құжатта оқу процесі кезінде мобильді құрылғыларды пайдалану тәртібін реттеу ұсынылады. Бұл педагогтерге толық тыйым салу дегенді білдірмейді. Нақты қағидаларды уәкілетті орган бекітеді, олардың мақсаты - оқу тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Педагог оқу орны аумағынан тыс жағдайға жауап бере алмайды. Халықаралық тәжірибеде бұл шекара нақты айқындалған. Біз де мұғалімді негізсіз айыптаудан қорғауға тиіспіз", – деп атап өтті ол.
