Мәжіліс депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы жоғары оқу орындары оқытушыларының шамадан тыс жұмыс жүктемесіне назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл мәселе "Ғылым мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылау кезінде көтерілді.
Аталған құжатта оқытушылардың байланыс сағаттарын қысқартуға бағытталған норма қарастырылған. Заң жобасын әзірлеушілердің бірі - бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың сөзінше, бұл проблема оған жақсы таныс. Университетте жұмыс істеген кезде оның бір ставкадағы жүктемесі 1200 сағатқа дейін жеткен.
"Бұл - күніне шамамен жеті аудиториялық сағат. Мұндай көлемде сапалы сабақ өткізу өте қиын", - деді ол.
Аймағамбетов 2021 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындары үшін байланыс сағаттарын 680 сағатпен шектейтін бұйрық қабылданғанын еске салды. Алайда бұл талап бүгінде барлық университетке, әсіресе жекеменшік ЖОО-ларға бірдей қолданылмайды.
Депутат жүктемені реттеу оқытушылар үшін оң өзгеріс болатынын атап өтті.
