Алматыда “Көк базар” маңында ұрланған 30 телефон тәркіленді

Қаракөз Амантай 25 ақп. 2026 14:52

Алматыда ұрланған мобильді құрылғыларды заңсыз айналымға шығарумен айналысты деген күдікпен қала тұрғыны ұсталды. Оның үйін тінту кезінде 30 ұялы телефон мен екі планшет тәркіленген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Медеу ауданының прокуратурасы полиция басқармасымен бірлесіп, "Зелёный базар" аумағында және "ГУМ" сауда үйінде рейд жүргізген. Шараның мақсаты - қылмыстық жолмен алынған мүлікті сатып алу деректерін анықтау.

Тексеру барысында құқық қорғау органдары бес әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп, әрқайсы бойынша хаттама толтырған. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар криминалдық полиция қызметкерлері ұрланған мүлікті заңсыз айналымға шығаруға қатысы бар деген күдікпен Алматы тұрғынын ұстады. Прокуратураның мәліметінше, оның тұрғылықты жерін тінту кезінде 30 ұрланған ұялы телефон мен екі планшет тәркіленген.

Қазірдің өзінде алты телефонның иесі анықталды, қалған құрылғылардың иелерін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабы "Қылмыстық жолмен алынған мүлікті көрінеу сатып алу немесе өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove