Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Бас прокуратура мен ҰҚК-ден Джеффри Эпштейннің файлдарында аты аталған барлық қазақстандықтарды, сондай-ақ олармен байланысы болуы мүмкін тұлғаларды тексеруді сұрады. Депутат бұл кездесулердің сипатын анықтауды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, құпия ақпараттың, соның ішінде мемлекеттік құпиялардың сыртқа шығу қаупін жоққа шығаруға болмайды. Депутаттық сауал 25 ақпанда Берік Асыловқа және ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолданған.
Рахымжановтың сөзінше, дамыған демократиялық елдерде бұл дауға қатысы бар тұлғаларға қатысты парламенттік тергеулер мен қылмыстық қудалау басталып кеткен.
"Мұны жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайды. Құжаттарда «Ескі Қазақстанның» жоғарғы эшелонында болған, маңызды мемлекеттік қызмет атқарған адамдар аталады. Бұл енді олардың жеке өмірі емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен елдің беделіне қатысты мәселе. Мысалы, бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов жазбаларда кемінде сегіз рет кездеседі", – деді депутат.
Ол мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған бұрынғы элита өкілінің Эпштейнмен не себепті кездескенін, тіпті бұл кездесулер сол атышулы аралда өткен-өтпегенін анықтауды сұрады. Асхат Рахымжанов назар аударған екінші тұлға Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы және экс-премьердің орынбасары Қайрат Келімбетов. Сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты болған жоғары шенді генерал туралы да айтылды.
"Файлдарда Эпштейннің Қазақстандағы байланыстары толық көрсетілмеуі мүмкін. Қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктердің мұндай адаммен кез келген байланысы сұрақ тудырады. Эпштейн Қазақстанға қандай мақсатпен жиі келді? Кімдермен байланыста болды? Оларға қатысты компромат жинады ма? Қолжетімділігі шектеулі ақпараттың сыртқа шығуы болды ма? Қоғам шындықты білуге құқылы", – деп түйіндеді депутат.
Құжаттардың жариялануы АҚШ-та «Эпштейн файлдарын» ашу туралы заң аясында жүргізілген ауқымды деректерді жариялау науқанының бір бөлігі болды. Бұл заңға АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қол қойған.
АҚШ Әділет министрлігінің сайтында педофилия ісіне қатысты хат алмасулар, жазбалар мен ішкі материалдарды қамтитын үш миллионнан астам бет жарияланған.
