Қазақстанда құс еті өндірісіне қатысты мемлекеттік аудит нәтижесінде шағын өндірушілердің мемлекеттен қолдау алуына кедергі келтіретін бірқатар тосқауылдар анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасымен жүргізілген жоспардан тыс талдаудың қорытындысы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған талдауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүзеге асырған. Оның мақсаты — құс етін өндіру және өткізу нарығындағы үстем немесе монополиялық жағдайды анықтау, баға динамикасын сараптау және мемлекеттік қолдаудың бәсекелестікке әсерін бағалау болды.
Талдау нәтижесінде 2024 жылы Қазақстанда 358,7 мың тонна құс еті өндірілгені белгілі болды. Оның 42 мың тоннасы экспортталған. Алайда импорт көлемі 135,7 мың тоннаны құрап, ішкі нарықтың шамамен 30%-ға жуық үлесі шетелдік өнімге тәуелді екенін көрсетті.
Басты мәселе ретінде шағын өндірушілер үшін мемлекеттік субсидияға қол жеткізу жолындағы әкімшілік кедергілер аталды. Атап айтқанда, өтінім беру мерзімдерінің тығыздығы, құжаттардың көптігі және рәсімдердің күрделілігі салдарынан көптеген компаниялар қолдау ала алмай отыр. Бұл – нақты өндірістік әлеуеті бар кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін төмендететін фактор.
Сонымен қатар субсидия алған кейбір ірі өндірушілердің түпкілікті өнім бағасы, керісінше, қолдау алмаған кәсіпорындарға қарағанда жоғары болғаны анықталды.
Ахуалды жақсарту үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты ұсынымдар жолдаған. Жоғары аудиторлық палата бұл мәселені толық бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.