Кремль өкілі Дмитрий Песков Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесу ықтималдылығына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуі екі ел делегацияларының белгілі бір келісімдерге қол жеткізген кезде мүмкін болатынын айтқан.
"Екі елдің, Украина мен Ресей президенттерінің, Зеленский мен Путиннің кездесу мүмкіндігіне қатысты көптеген сұрақ келіп түсуде. Мұндай кездесу екі тарап делегацияларының жұмысының нәтижесінде белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткізілген кезде мүмкін болады. Ондай жағдай әбден мүмкін деп санаймыз. Бірақ бұл екі тараптың келісімдері түрінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін", - деді Дмитрий Песков.
Песковтың келіссөздерге қатысты өзге мәлімдемелері мыналарды қамтыды:
- Украина мәселесін реттеу бойынша жұмыс енді басталды, ол жалғасын табатын болады.
- Ресей делегациясының құрамын өзгерту туралы сөз жоқ.
- Мәскеу мен Киев атысты тоқтату шарттарының тізімідерімен алмасуға келісті, жұмыстар жүргізілуде.
- Ресей мен Украинаның келіссөздері жүріп жатыр және ол жабық режимде жүруі керек.
- Келіссөздердің келесі кезеңіне дейін қол жеткізілген келісімдерді орындау қажет.
- Ыстамбұлдағы келіссөздерен кейін Ресей мен АҚШ басшылары байланысқа шыққан жоқ.
- Кремль Путин мен Трамп телефон арқылы сөйлесуге ниет танытып жатса, бұл туралы көпшілікті хабардар етеді.
Айта кетсек, күні кеше Ыстамбұлда Ресей мен Украинаның келіссөздері өтті. Бұған дейін Владимир Зеленский Түркиядағы келіссөздерде Путинмен жеке кездескісі келетінін айтқан. Нәтижесінде қос делегацияға да мемлекет басшылары басшылық етпеді. Путин өз делегацияның басшысы ретінде өзінің көмекшісі Владимир Мединскийді, ал Зеленский Қорғаныс министрі Умеровты тағайындады. Келіссөздерден кейін Ресей мен Украина делегацияларының басшылары өз мәлімдемелерін жасады. Іле-шала Еуропалық одақ Ресей Федерациясына қарсы әзірлеп жатқан бұрын-соңды болмаған кең ауқымды санкцияларға қатысты мәліметтерді жариялады.