"Мұнай бағасын түсіреміз". ЕО Ресейге қарсы экономикалық тұрғыда ең ауыр санкциялар пакетін енгізбек

Кәмшат Тілеухан 17 мам. 2025 12:08 361

Жұма күнгі Түркиядағы Ресей және Украина делегациясының келіссөздері екі сағатқа созылды. Алайда, көп күткендей, ол арада оқ атуды доғару бойынша келісім болмаған, бірақ оның орнына тұтқындармен алмасу жөнінде бітім жасалған. Сәйкесінше, іле-шала Еуропалық одақ Ресей Федерациясына қарсы әзірлеп жатқан бұрын-соңды болмаған кең ауқымды санкцияларға қатысты мәліметтерді жариялады. Иә, бұған дейін батыс елдерінің көшбасшылары "егер Мәскеу 30 күндік бітім туралы ұсыныстан бас тартса, онда ЕО "кең ауқымды әрі экономикалық тұрғыда ауыр" санкцияларды қолдануға мәжбүр болатындарын мәлімдеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

16 мамырда Брюссельде өткен брифингте ЕО-ның жоғары лауазымды өкілі мәлім еткендей, Ресей экономикасының негізгі секторлары мен ықпал ету құралдарына бағытталған төрт санкциялық режим бір уақытта іске қосылмақ.  

Шенеуніктің айтуынша, 20 мамырда ЕО Сыртқы істер кеңесінің отырысында 17 және 18-санкциялар пакеті қолданысқа енгізілетіні жарияланады. Оған басты себептер:

  • Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы үшін;
  • адам құқықтарын бұзғаны үшін;
  • гибридті соғыс жүргізгені үшін;
  • химиялық қаруды қолданғаны үшін.

Жалпы алғанда, 130-дан астам жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ энергетикалық санкцияларды айналып өтуші ресейлік "көлеңкелі флоттың" 200 кемесі қара тізімге енеді.

Санкцияның бағытталған нысандары: өнеркәсіп, мұнай, үгіт-насихат

Санкциялар Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне, үшінші елдерден санкциялық тауарларды жеткізушілерге, үгіт-насихат таратушыларға, жалған ақпарат таратушыларға және Украинадағы әскери іс-қимыл кезінде репрессиялық химиялық заттарды қолдануға байланысты жеке тұлғаларға әсер етеді.

ЕО гибридтік қызмет үшін 27 жеке және корпоративтік санкцияларды және адам құқықтарын бұзғаны үшін 28 санкцияларды, соның ішінде Ресей Федерациясының билік өкілдеріне, арнайы қызметтер мен аймақтық әкімшіліктердің қызметкерлеріне қарсы бағытталады.

Жаңа 18-ші пакет: энергия мен қаржы саласына қысым жасайтын болады

16 мамырда, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен дайындалып жатқан 18-ші санкциялар пакетіне де тоқталды. Ол әлі талқылау сатысында екен. Оған мыналар кіреді:

  • "Солтүстік ағын" және "Солтүстік ағын 2" газ құбырларына қатысты қосымша шектеулер;
  • қара тізімге енген кемелер санын арттыру;
  • ресейлік мұнай бағасының төмендеуі;
  • Ресейдің қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар.

"Біз президент Путинге бейбітшілікке келмейінше, қысымды күшейте беруіміз керек", - деп атап өтті фон дер Ляйен.

Бұған дейін сайтымызда "Ресей-Украина келіссөзі: Ыстамбұлда не болып жатыр?" деген материал жарияланған болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар