Жүнді қашан кәдеге жаратамыз?
Бүгінгі таңда қой басының жалпы саны 18 млн болғанымен, биязы және биязылау жүнді қойлар 2,2-2,3 миллион ғана. Жалпы, алынған 40 мың тонна жүннің 7,1 мың (18%) тоннасы биязы жүнге тиесілі, яғни жуылған жүн есебімен өндіріске жарамды 3,5 мың тонна жүн өндірілуде. Халық шаруашылығына қажеттілігін ескеріп, ғылыми тұрғыдан келсек, еліміздегі биязы және биязылау жүнді қой саны 8,0 млн бастан жоғары болуы тиіс еді. Өйткені халықты, әсіресе балаларды сапалы киіммен қамтуға жылына әр адамға кемінде 2,0 келі қой жүні (табиғи жүн есебімен), оның ішінде 1,5 келі биязы және биязылау жүн өндірілуі керектігі анықталған. Сонымен, биязы және биязылау жүнді қой басы қажетті мөлшерден төрт есеге дейін аз болып отыр. Ең сорақысы, жыл сайын өндірілетін 40 мың тонна жүннің 26 мың (67%) тоннаға жуығы жарамсыз (утиль) болып қалуда.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағында жалпы өндірілген жүннің 11% ғана өңделеді, осы көрсеткіш жуылған биязы жүн үлесіне тиесілі. Экспорттық әлеуетті сараласақ, бар-жоғы 1 834,5 тонна биязы жүн сыртқа сатылған. Соңғы бес жылда жүн өндірісі 8%-ға артқанымен, экспорт 3,5 есеге төмендеген. Елімізде жүн өңдеу саласындағы 13 арнайы мамандандырылған кәсіпорынның тек 4-уі ғана осы бағытта жұмыс атқара алады.
Мысалы, «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорны жүнді жуу мен шүйкеленген жүн /топс/ өндіруге мамандандырылса, «Шымкент-Кашемир» кәсіпорны биязы және қылшық жүнді жуып, олардан дайын өнім алуға технологиялық жасақталған.
Атырау облысында «Caspiy Lana Atyrau» кәсіпорны жүнді толығымен өңдеу технологиясын игерген, көбіне, тоқыма жамылғы /көрпе/ шығарады. Алматы облысында «Куат ЛТД» кәсіпорны жүнді өңдеу арқылы негізінен киіз, ұлтарақ, байпақ өндіреді. Жүн өңдеу саласында кеңес кезінен жұмыс істеп келе жатқан «Войлочная фабрика», «Костанайская фабрика валяльной обуви», «Роза валяльно-войлочный комбинат» сияқты бірқатар кәсіпорындар – технологиялық жаңғырту арқылы тиімді пайдалануды талап ететін, өте маңызды резервтік көздер болып саналады
Бүгінгі таңда, қой шаруашылығы өнімдерінің 80%-дан астамы шағын қожалықтар мен қосалқы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Осы үрдіс технологиялық жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді пайдаланып, саланың экспорттық потенциалын тиімді пайдалануға қолбайлауда. Сондықтан да өндірілген жүннің сапасы сұранысқа сай келмей, қой еті, оның ішінде, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие қозы еті тек отандық тұтынушылардың қажетін қамтамасыз ететін мөлшерде ғана өндірілуде.
https://dalanews.kz/T-rmys/62648-62648
Әлемдік нарықтағы сапалы биязы жүнге сұраныс үлкен болғандығына қарамастан, елімізде жыл сайын өндірілетін 7,0 мың тоннадан аса биязы және биязылау жүн 1 АҚШ доллары/келі жетпейтін бағамен өткізілуде немесе мүлдем іске аспауда. Жіңішкелігі 19-21,0 мкм-ге дейінгі 1 келі меринос жүннің Жаңа Зеландия мен Австралия нарығындағы орташа бағасы 10,0 АҚШ долларынан жоғары. Осындай зор әлеуетті неге пайдаланбасқа? Аталған жайдың орын алуының басты себептеріне тоқталсақ.
Біріншіден, биязы және биязылау жүндерді сапасына, әсіресе олардың жіңішкелігі мен ұзындығына, ластану деңгейіне (түрлі қоспалармен: қи, тікенмен араласуы) сай жүйелеп (классировкалап) нарыққа ұсыну жұмыстары жүйесіздікке ұшырады. Кеңес кезеңде осы жұмыстар жоспарлы түрде атқарылып, мемлекеттік бақылауда болды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыруға мемлекет тарапынан көзқарас, ал шаруалар тарапынан талпыныс байқалмайды. Екіншіден, биязы және биязылау жүннің сатылмауы осы бағыттағы қой тұқымдарының өсуіне тежеу болып тұр.
https://dalanews.kz/suranys/61388-zhylqy-tort-tulikting-toresi
Себебі шаруалар үшін төлдерін алғашқы тәуліктерде күтімді қажет етпейтін құйрықты қой тұқымдарының қошқарларымен жаппай будандастыру қолайлы. Осы үрдістің әсерінен қой жүні әртектіленіп, оның физика-технологиялық сапасы нашарлады. Биязы жүнді субсидиялау кезінде шикізаттың сапалық көрсеткіштері ескерілмеуі жүннің сапасын төмендетіп, отандық жеңіл өнеркәсіптің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Оған қосымша, жүн дайындау және сатумен айналысатын құрылымдар жүйелі жұмыс атқармады. Ал 2020 жылдан бастап жүнге қарастырылған субсидияның мүлдем тоқталуы меринос жүнді қойларды өсіруге ынталандырмай, оның дамуына қолбайлау болып отыр.
Неге? Өйткені биязы жүнге берілген 150 теңге субсидия, сол жүнді қырқуға жұмсалатын шығынды өтеуге ғана жетеді. Себебі бір бас қойды қырқуға 350-450 теңге жұмсалса, бір қойдан алған 3 келі жүнге 450 /150 тг х 3 кг = 450/ теңге субсидия алатын еді. Ал нарықтағы биязы жүнге берілетін баға 350 теңгеден аспайды. Қой баққан шаруа бір бас малдан 1 000 /350х3/ теңгеден аспайтын табыс табады, осы қаржымен қай шығынын жаппақ?
Осы орайда, мемлекет тарапынан сындарлы саясаттың қалыптаспауы қой шаруашылығының дамуына тұсау болып тұрғаны қынжылтады. Мысалы, жүнді экспорттауға қарастырылған кедендік баж салығы мен сыртқа тек жуылған жүн шығаруға рұқсат беру мәселелерінің экономикалық астары түсініксіз. Әзірге, «Атамекен» ҰКП және қой саласындағы қоғамдық бірлестіктердің ықпалымен 2023 жылға дейін бұл пошлина тоқтатылды.
Дегенмен биязы жүнге деген әлемдік сұранысқа орай, қой жүнінің нарықтағы парқын әлемдік деңгейге жеткізу мемлекет құзырындағы саясат-ау. Биязы меринос жүн өндірісінің стандартқа сай дамуын сапалық тұрғыдан қадағалауды жүзеге асыратын, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған сертификатталған жүн зерттеу орталықтарының қалыпты /рентабелді/ жұмыс атқаруына мемлекеттік тұрғыдан жағдай жасау керек.
https://dalanews.kz/T-rmys/60515-zhayylymga-zhanashyrlyq-zhetispey-tur
Осы орайда, биязы жүнді қой шаруашылығы өркендеген Австралия мемлекеті іс-тәжірибесін қолданып, жүнді сапасына сай сатуды шұғыл қолға алуды қарастырған жөн. Жіңішке талшықты бағалы меринос жүнін өндіру бойынша көшбасшы бұл елде, жүн нарығын реттеумен айналысатын, бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар, Австралия жүн корпорациясы (АЖК) жұмыс істейді. Ұйымдастыру шараларын іске асыру үшін жалпы қырқылған жүннің 8,0% мөлшерінде салық алатын АЖК жылдар бойына жиналған қаржының 50,0%-ын – резервтік бағамен шикізат сатып алуға, 44,0 %-ын халықаралық және ұлттық жүн саудасы іс-шараларын – реттеуге, қалған 6,0%-ын ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарына жұмсайды. Осы орайда, мемлекет тарапынан қой саласына мән беріліп, осындай тетіктерді немесе балама жолдарын қарастырған абзал.
Қозы етін өндіру
Әлемдік нарықта жіңішке меринос жүнге сұраныс ешқашан қанағаттандырылған емес, баға да жоғары деңгейде тұрақты сақталуда. Осыны ескеріп, отандық биязы жүнді қой шаруашылығында жіңішке талшықты меринос жүн беретін, салмақ басатын әрі тезжетілгіштік қасиеттері ұтымды ұштасқан қой отарларын көбейтіп, оларды одан әрі асылдандыру жұмыстарын жандандыру қажет.
Қошқарлары мен саулықтарының орташа салмақтары, тиісінше, 100-120 және 65-70 келі, ал 20-апталық еркек тоқтылары 45-келіден асатын, австралия етті мериносы мен немістің дойчемеринофлейшшаф тұқымын тиімді әдістермен қарқынды пайдалану отандық биязы жүнді қой шаруашылығына тың серпін берері өндірістік тәжірибеде дәлелденді.
Мысалы, 2011 жылы селекциялық жетістік ретінде тіркелген биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос» осыған дәлел. «Етті меринос» – тұқым шығару үрдісінде меринос жүн мен сапалы қозы етін өндіруді қамтамасыз ететін, «өз төлінен өсіру» әдісімен шығарылған бағалы тұқым. Осыған ұқсас, жергілікті биязы жүнді саулықтарды немістің «дейчемеринофлейшшаф» тұқымымен будандастыру арқылы алынған ұнамды малды сұрыптау жолымен жүргізілген тұқымдарды қалыптастыру жұмыстары нәтижесінде Оңтүстік Африка Республикасында «доне» және Австралияда «австралия етті мериносы» тұқымдары шығарылған.
«Етті меринос» тұқымының өнімділік қасиеттерін қалыптастыру сексенінші жылдары қазақтың биязы жүнді қойының еттілік қасиетін арттыру бағытымен жүргізілді. Осы қойлардың жергілікті жерге бейімділігін пайдалана отырып, олардың еттілігін арттыру мақсатында етті малдар таңдалып, тұқымішілік селекция әдісімен етті бағыттағы отарлар саны көбейтілді. Селекциялық үрдістің соңғы кезеңдерінде еттілік қасиетті күшейту мақсатында немістің «дейчемеринофлейшшаф» қошқарларының генетикалық әлеуеті қолданылды. Осындай будандастырудан алынған тұқымдар өз төлінен өсіру жолымен көбейтіліп, тұқымішіндік сұрыптауға басымдық берілді.
Әрине, жүн сапасы назардан тыс қалған жоқ. Ерте жетілген қозыларды сол жылы аталық ретінде пайдалану әдістері қолданылды. Сұрыптау кезінде 6-7 айлығында 50 келі асатын қошқар тоқтылар, еттілігі жағынан және жүн сапасы бойынша қатаң сұрыптаудан өткізіліп, көбіне, қолдан ұрықтандыру жолымен қарқынды пайдаланылды. Ғалымдардың қолданған осы ұтымды шешімі өте жақсы нәтижесін берді. Біріншіден, малдың еттілігі артты, екіншіден, қозылардың ерте жетілуі тектік қасиет ретінде қалыптасты.
Осы тұқымдардың және олардың будан қошқарларын заманауи ДНҚ-технологиямен бағалап, жақсартушы ретінде танылғандарын қойды қолдан ұрықтандыруда қарқынды қолдану, алынған төлдерді жүн сапасы мен тезжетілгіштігі бойынша іріктеу мен жұптауды жүйелі жүргізу отандық биязы жүнді қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырары даусыз.
https://dalanews.kz/T-rmys/59988-elimizde-mal-asyldandyru-urdisi-qala
Жүнді-етті бағыттағы тұқым – қазақтың оңтүстік мериностарының төзімділік қасиеттерін сақтай отырып, тірдей салмағы мен жүн өнімділігінің көлемі мен технологиялық сапасын жақсарту осы тұқымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұқымның тектік қорын жетілдіруге жол ашады. Ұқсас өнімділік бағыттағы, еліміздің солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлеріне кеңінен таралған қазақтың солтүстік мериностарының жойылып кетуі аталған жұмыстың теориялық және тәжірибелік мәнін арттырып, арнайы шаралар кешенін қабылдауды жеделдетуді қажет етеді.
Қой шаруашылығы саласында ғылым мен өндірістің ғасырға жуық бірлесе жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде қылшық жүнді құйрықты саулықтарды шетелдерден әкелінген биязы және биязылау жүнді қой тұқымдары қошқарларымен ұрықтандырудан алынған будандарды, селекция мақсатына сай, сұрыптау мен жұптау арқылы шығарылған, жергілікті қойлардың төзімділік қасиеттері мен шетелдік тұқымдардың жоғары өнімділігі ұтымды ұштасқан 5 биязы (қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқармериносы, қазақтың оңтүстік және солтүстік мериностары, етті меринос), 4 биязылау (қазақтың етті-жүнді, қазақтың кроссбредті биязылау жүнді, ақжайық етті-жүнді, қазақтың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қойы) жүнді қой тұқымдары сапалы жүн өндірісі бойынша еліміздің әлемдік державалардың алғашқы ондығына енуін қамтамасыз етіп қана қоймай, қой етін, оның ішінде қозы етін республикан тыс нарыққа үлкен көлемде шығаруға мүмкіндік берді.
Қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқармериносы, қазақтың оңтүстік мериностары 1946-66 жылдар аралығында шығарылып, республика және одан тыс аймақтарға қой тұқымдары мен олардың өнімдері селекция жетістігі мәртебесінде кеңінен таралды. Ет, жүн өнімділіктері мен жергілікті табиғат жағдайларына бейімделушілік қасиеттері жақсы ұштасқан бұл тұқымдар тауар өндірушілер тарапынан сұранысқа ие. Тек, қазақтың арқармериносы ғана реформа жылдарында біршама азайғанымен, таралу аймағының тұрақтылығын сақтап қалды.
Басты себеп – олардың ұшасында (тұтынушылардың басым бөлігі тарапынан сұраныс төмен құйрықтың болмауынан) май үлесінің төмендігі және майдың ет ұлпаларының құрамында мәрмәрлік (мрамор) сипатта қалыптасып, еттің құнарлылық және тағамдық құндылығының жоғары болуын қамтамасыз етуі.
Отандық биязы және биязылау жүнді қой тұқымдарының осы ерекшелігі мен олардың, құйрықты қойлармен салыстырғанда, төлшеңдігінің жоғарылығын (25-30%-ға) ұтымды пайдалану осы бағыттарды өркендетуге жаңа көзқарас қалыптастыратыны анық. Аталған тұқымдардан ішік, тон тігуге пайдаланылатын бағалы тері шикізаттарын алуға болатындығы және олардың тауарлық қасиеттері (әдемілігі, жылылығы, жеңілдігі) қылшық жүнді қойлармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені ескерілмей келеді.
Жүн талшықтардың ұзындығы мен жіңішкелігі қой денесінің барлық бөліктерінде біркелкі, қырқылған жүннің ұзындығы – 7 см-ден, жүн жіңішкелігі 60-сападан (25 мкм) төмен емес және басқа да физика-механикалық көрсеткіштері меринос биязы жүнге сай келетін шикізат тек жұқа да тығыз теріде ғана қалыптасатындығы ғылымда өткен ғасырдың басында-ақ дәлелденген.
Осы өнімділік бағыттағы қой тұқымдарын, қаракөл қойлары секілді, тек таза тұқымды өсіру арқылы ғана жетілдіруге болатындығына тауар өндірушілер тарапынан жеткілікті мән берілуі тиіс. Осы орайда, қой тұқымдарын олардың бағалы генотиптік ерекшеліктерін сақтай отырып, асылдандыру жұмыстарында жоспарлы пайдалануға жауапты Республикалық палаталар мен саланың ғылыми негізде дамуына әдістемелік жетекші, ғылыми мекеме – «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі» институтының филиалы – Қ.Ү. Медеубеков атындағы «Қой шаруашылығы ҒЗИ» ғалымдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ғылым мен өндіріс саласы мамандарының ұзақ уақыт бойына бірлесе атқарған жемісті еңбегінің нәтижесінде шығарылып, іс жүзінде ұлттық байлыққа айналған қой тұқымдарын орынды пайдалану – саланың сақталуы мен өркендеуіне жауапты барлық деңгейдегі мамандар мен ғалымдарға сын.
Ет экспортының келешегі қой шаруашылығында
Ат үстінде күн кешіп, зат қадірін терең түсінген, қой терісіне «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп баға берген елдің ұрпағы – бізге – атакәсіпке құрметпен қарау, саланы дамытып, өнімін ұқсата білу – парыз. Қой шаруашылығының өзекті мәселелерін терең білмейтін, дегенмен «кеңес» беруге құлшынып тұратын кейбір эксперттердің шетелдік тұқымдар қошқарларын қолдану арқылы еттің де, жүннің де, терінің де мәселесін тез арада шеше қоямыз деуі жай ғана білместік аясына сия қоймайтын, қауіпті пікір.
Шетелдік тезжетілгіш, етті, етті-жүнді қой тұқымдарын пайдалану арқылы будан төлдердің ет өнімділігі мен тезжетілгіштігін арттыруға болады. Ол үшін, біріншіден, будандарға тиісті азықтандыру, бағу жағдайлары жасалынуы шарт. Екіншіден, қандай тұқымдар пайдаланылып, қандай жағдайлар жасалынса да ет, жүн, тері өнімділіктерінің көлемі мен сапасын қатар арттыру мүмкін емес.
Бұл – әлемдік ғылым мен тәжірибеде сан рет дәлелденген, талассыз шындық. Айтылған мәселелер ескеріліп, ғасырға жуық жүргізілген асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде 2016 жылы ғана шығарылған қазақтың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қой тұқымы бұл пікірге дәлел бола алады. Жақсартушы генотип ретінде британдық гемпшир тұқымы қолданылып, еттілік, тезжетілгіштік, төлшеңдік қасиеттерімен көзге түсетін бұл тұқым, жүн сапасы бойынша кез келген биязы жүнді қой тұқымымен теңесе алмайды.
Қой шаруашылығының келешегі қозы етін өндіру және экспортқа шығарумен тығыз байланысты екендігін ескерсек, осы бағыттағы жұмыстар тиімділігін еселей арттыруға биологиялық, генотиптік ерекшеліктері бойынша биязылау жүнді қой тұқымдары барынша сай келеді. Қозы етін өндіру ісін жүйелі жолға қоюда еліміздің солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтарының түрлі себептермен егін егуге қолданылмай жатқан шұрайлы жерлерін, сондай-ақ үлкен қалалар белдеулеріндегі суландыру мүмкіндігі жоғары алқаптарды осы интенсивті тұқымдарды өсіру арқылы игерудің мәні өте зор. Бұл істің мемлекет қадағалауымен және арнайы жоспар бойынша іске асырылуы, біріншіден, солтүстік шекаралық аймақтарды, оңтүстіктегі тығыз орналасқан халықтың есебінен, тиімді қоныстандыруды жүзеге асыруға, екіншіден, қой шаруашылығының лайықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда етті-майлы бағыттағы қой тұқымдары (қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, еділбай қойы, қазақтың ұяң жүнді құйрықты қойы, сарыарқа қылшық жүнді құйрықты қойы, дегерес қойы, ордабасы қойы, гиссар тұқымының қан үлесі түрліше будандары) еліміздегі осы түлік түрінің 80 %-ға жуығын құрап отыр. Басты себеп – олардың күтім талғамайтындығы мен қозыларының тезжетілгіштігі. Екіншіден, жүнге сұраныстың болмауы да осы бағыттағы қой тұқымдарының кең таралуына ықпал етті.
Қазіргі кезде оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің құйрықты саулықтарына гиссар тұқымының қошқарларын пайдалану үрдісі белең алып тұр. Ірі салмақты, құйрық үлесі ұшаның 30%-ға жуығын құрайтын гиссар тұқымы қошқарларын пайдаланудың артықшылықтары: будан тоқтылардың тезжетілгіштігі, жергілікті қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы тоқтыларымен салыстырғанда, 4-5 келіге ірілігі. Кемшіліктері: жүн көлемі мен сапасының төмендігі, Қазақстанның түрлі аймақтарының жағдайларында жайылымда бағуға, әсіресе Солтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық Қазақстанның қатал қысына гиссар тұқымының қан үлесі жоғары будандардың бейімделушілік қасиеттерінің төмендігі, жыл бойына жайылым азығына қосымша үстеп қоректендіруді қажет етуі.
Осы орайда елімізде өсірілетін, қаракөл тұқымынан өзге, барлық қой тұқымдарының аналық негізі болып табылатын қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен оның халық селекциясы негізінде шығарылып, отандық ғалымдар мен өндіріс мамандарының бірлескен еңбегі нәтижесінде жақсартылған тобы, ұлттық бренд – еділбай тұқымын таза сақтап қалу және одан ары жетілдіру өте өзекті де кезек күттірмейтін мәселе болып табылады.
Қазақстан мен одан тысқары аймақтардың аптап ыстығы мен қаһарлы аязына бейімделушілік қасиеттері бойынша теңдессіз, сондай-ақ ұша салмағы бойынша гиссарлармен қатарлас, ал ет өнімділігінің сапасы бойынша елеулі деңгейде жоғары (ұшадағы ет ұлпалары үлесінің жоғары, құйрық салмағының төмендігі есебінен) мал – еділбай тұқымын сақтау мен одан ары таза тұқымды өсірудің арнайы бағдарламасын қабылдау мен іске асыруға тез арада кірісу қажет.
https://dalanews.kz/saraptama/53860-auyl-sharuashyly-yn-al-a-s-jregen-azam
Жалпы, еліміздің әр аймақтарында қой тұқымдарын өсіру бойынша қалыптасып отырған селекциялық ахуалды анықтап, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін саралау, осы түлік түрінің тектік қорын сақтау мен жетілдіру мақсатында заманауи және классикалық мал асылдандыру әдістерін үйлесімді пайдалану – ғылым мен өндіріс мамандарының бірлесе атқаратын абыройлы да кезек күттірмес міндеті.
Қазақстан Республикасы табиғи жайылым жағынан Еуразия аумағындағы ең бай мемлекет екені шындық. Еліміз мал азығы қоры бойынша ұсақ мал басын 50 млн басқа, ал ірі қара малын 30 млн басқа жеткізуге әлеуеті бар екенін әлемдік эксперттер мойындап отыр.
Сонымен бірге республика көлемінде жиынтық экспорттық табыс алу мүмкіндігі бойынша қой шаруашылығы саласы өнімінің әлеуеті бидай өндірісі индустриясымен деңгейлес әрі тауар өнімі бойынша қосымша құн үлесін алу басымдығы жоғары.
Осы мүмкіндіктер ескерілсе әрі әлемді жайлап келе жатқан қуаңшылық әсерінің алдын алуға ұмтылсақ, Қазақ елінің экспорттық әлеуетін арттыратын сенімді резерв көзінің бірі – қой шаруашылығы саласын өз деңгейінде дамыту және қой өнімін толықтай өңдеу саласына пәрмен беру.
Айбын ТӨРЕХАН, профессор