Нұр-Сұлтанда "Мерейлі отбасы-2021" байқауының жеңімпаздары анықталды

Dalanews 26 там. 2021 14:21 859

Елордалық амфитеатрда "Мерейлі отбасы-2021" ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтының мәліметі бойынша, биыл байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды.

Іс-шара санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін амфитеатрға кіру "Ashyq" қосымшасы арқылы жүзеге асырылды.

Айта кету керек, "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсын өткізуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтының мәртебесін арттыру мақсатында бастамашылық жасаған болатын.

Жылдан жылға оның қатысушыларының саны артып келеді.



Мәселен, 2018 жылы байқау комиссиясының қарауына 51 елордалық отбасы өтінім берсе, 2019 жылы 60-тан астам өтінім түскен.

Биыл "Мерейлі отбасы-2021" байқауына қатысқысы келген отбасылар саны 120-ға жетті. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, еңбек әулеттері, кәсіпкерлер және т.б. бар.


Осылайша, комиссия шешімімен көпбалалы шығармашылық отбасы Самарбаевтар ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы болып танылды. Сұңғат пен Алма 4 қыз бен ұл тәрбиелеп отыр. Отбасының барлық мүшесі спортты жақсы көреді, салауатты өмір салтын ұстанады.

Отағасы – инженер маманы, 4 тілді меңгерген. Зайыбы Алма – журналистика саласындағы PhD докторы, аға оқытушы, жақында ғана отбасылық құндылықтар туралы «Бақытты келіншек» кітабы жарық көрген. Отбасы конкурстың республикалық кезеңіне қатысуға дайындалуда.

Екінші орынды педагог Носиевтер әулеті мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары – Бекеновтар отбасы өзара бөлісті.

"Мерейлі отбасы-2021" конкурсының қола жүлдесін Омаровтар отбасы мен алты бала тәрбиелеп отырған, кәсіпкерлерден құралған Ошақбаев отбасы жеңіп алды.

Жеңімпаздарға дипломдарды ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясафт жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Маржан Әкімжанова мен елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов табыс етті.



Асхат Оралов қала әкімінің атынан қалалық байқауға қатысқаны үшін алғыс білдірді. Комиссияның шешімі бойынша үздік отбасылар ақшалай сыйлықтармен және елорда әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұлттық конкурстың жеңімпаздарын елорданың танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары құттықтады.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда отбасы институтына ерекше көңіл бөлінеді, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.


Осылайша, екі жыл бұрын елордада "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығы ашылды, онда "бір терезе" қағидаты бойынша қала тұрғындары түрлі мамандардан, заңгерлерден бастап психологтарға дейін кеңес ала алады, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, жұмыс және т.б. алу сұрақтарымен жүгіне алады.

Мұнда отбасылар үшін түрлі бағыттар бойынша іс-шаралар өткізіледі, оның ішінде психологиялық және мотивациялық тренингтер, жұмысқа орналастыру және кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары, бизнес жүргізу бойынша мастер-кластар және т.б.



Сондай-ақ, көпбалалы отбасылардың әр баласына мемлекет әлеуметтік көмек бөледі. Оқу жылына дайындық барысында қалада жалпыға міндетті оқу бағдарламасы және «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізіледі. Көмекке мұқтаж оқушыларға мектепке қажет керек-жарақтары, рюкзактар, мектеп киімдері және т.б. беріледі.

Сонымен қатар, көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар елордада жалға берілетін тұрғын үй алу үшін кезекке тұра алады.

Бұдан басқа, көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін "Бақытты Отбасы" тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істейді, оған қатысушылар тұрғын үй сатып алуға бұрын-соңды болмаған төмен мөлшерлеме бойынша қарыз ала алады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар