Ресей билігі елде бензин тапшылығы барын алғаш рет ресми растады. Вице-премьер Александр Новактың айтуынша, кейбір өңірлерге жанармай жеткізу қиындаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тапшылыққа Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар әсер еткен. Кәсіпорындардың зақымдануы мен жұмысының уақытша тоқтауы салдарынан бензин өндірісі төмендеді. Reuters мәліметінше, маусым айында Ресейде өндірілген бензин көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 25 пайызға азайған. Осыған байланысты Мәскеу Қазақстаннан 50 мың тоннаға жуық АИ-92 бензинін сатып алу жөнінде келіссөз жүргізген.
Ресейдегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етуі мүмкін. Көрші елде сұраныс артса, қазақстандық жанармайдың шекара асып кету қаупі күшейеді. Сондықтан Қазақстан бензин мен дизель отынын автокөлікпен шетелге шығаруға 2026 жылғы 21 қарашаға дейін тыйым салды. Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де қатысты.
Қазақстан билігі мұндай шара ішкі нарықта жанармай тапшылығына жол бермеу үшін қажет екенін түсіндірді. Қазір ел үшін негізгі міндет халық пен кәсіпорындарды отынмен тұрақты қамтамасыз ету болып отыр.